АЛТЫНОРДА
Новости

Айгүл Иманбаева: Мені Алтынаймен салыстыра бермеңіздерші…

Айгүл Иманбаева: Мені Алтынаймен салыстыра бермеңіздерші...Айгүл Иманбаева – «әнші» деген жалғыз ғана ұғымға сыймайтын өнер иесі. Өйткені жүрегі өнер деп соқан Айгүл басқалардан өзінің санқырлылығымен ерекшеленеді. Ол – театр және кино актрисасы, әнші, продюсер, тележүргізуші. Ешқандай жарнаманы қажетсінбейтін деңгейге жеткен өнерпаз әркез көрерменінің, тыңдарманының назарында. Өнердің сан саласында жүрсе де, әнші ретінде халық алдында есеп беруді өзіне парыз санаған Айгүл Иманбаева жақында Астана қаласында өзінің «Сен ғана…» деп аталатын жеке концертін өткізбек. Өнерсүйер қауымды өзінің ән әлемін бірге аралауға шақырып отырған әншімен «Алаш айнасының» тілшісі тілдескен еді. 

Айгүл Иманбаеваның қазақ эстрадасында ән салғанына да 15 жылдан астам уақыт болыпты. Ол өзінің ең алғашқы есеп беру концертін 2007 Алматыдағы Республика сарайында өткізген болатын. Міне, енді араға 7 жыл салып, әнші халыққа өзінің екінші есеп беру концертін ұсынып отыр. Алайда әнші осы жылдар ішінде еліміздің бірнеше қаласында, облыс орталықтарында, шалғай аудандарда шағын концерттерін беріп жүрді.

Айгүл Иманбаева, әнші-актриса:

– Жалпы кез келген кәсіби әнші өзінің жеке есеп беру концертін әрбір 5 жыл сайын өткізіп тұрғаны дұрыс деп есептеймін. Мен екінші рет үлкен есеп беру концертімді жоспарлағаныма біраз уақыт болды, дегенмен Алла сәтін салып, концертімді биыл 29 қарашада өткізу бұйырған екен. Өнердің бірнеше саласын қатар алып жүрген соң, кейде уақыт жеткізе алмай жатамыз, кейде қаржы жағынан қиналып қаламыз, дегендей. Сондай-ақ репертуарды толықтыруға келгенде де бір ән ұнаса, енді бір ән оң жаңбасыңа келіңкіремейді. Бұл жолы Алла абырой берсе, өзімнің сүйікті көрерменіммен тағы бір қауышудың сәті түсіп отыр. Менің жеке есеп беру концертім ең алдымен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Бұл маған қаражат жағынан үлкен көмек болды. Осыдан біраз уақыт бұрын мен Астана қаласындағы Мәдениет департаментінің бастығы Болат Мажағұлов мырзаға Қазақстан орталық концерт залын жалға беру бағасын жеңілдетіп беруіне өтініш жасап барған едім. Сонда ол кісі маған: «Айгүл, сіздің қазақ өнерінде өз орныңыз бар өнерпазсыз. Сіздің концертіңізді біз өзіміз қолға алып, өткізіп берейік деп қолқа салды. Әрине, менің қуанышымда шек болған жоқ. Ел ағалары менің өнеріме қолдау білдіріп, көмек қолдарын созып жатқанда неге қуанбасқа?

Ән айтса да, бағдарлама жүргізсе де Айгүл өзінің актерлық шеберлігімен көрерменін баурап алады. Бұл жолы да Айгүлдің концерті ерекше болатынына ешкімнің күмәні жоқ. Әншінің айтуынша оның концертінде жүргізуші болмайды және опера әншісі Сүндет Байғожиннен басқа қонақ та шақырылмаған. Айгүл мен Сүндет дуэт орындайды. Концерттегі жаңалықтың бірі, Айгүл Иманбаева баласы Асылжанмен бірге Арман Дүйсеновтың «Таңғажайып» әнін бірге орындайды.

«Негізінен Асылжан ән салмайды. Мен басқа әншілер секілді баламды сахнаға баулып, одан әнші жасауға тырысқан емеспін. Дегенмен осы жолы менің концертімде екеуміз дуэт айтуды ұйғардық. Ал енді концерттің басқа да ерекшеліктеріне келер болсақ, концерт міндетті түрде табиғи дауыста өтеді. Концертті ұйымдастырар алдында эстрадалық симфониялық оркестрмен немесе вокалдық-аспаптық ансамбльмен қоямыз ба деген де ой болған. Мұндай жағдайда репертуарымдағы көптеген жастарға арналған жылдам әндер түсіп қалатын болды. Сондай-ақ мен өзім актриса болғаннан кейін концертімде шоу-жасауды ұйғардым. Сондықтан музыкалық продюсеріммен ақылдаса келіп, әндерімді минус арқылы табиғи дауыста орындағаным дұрыс деп шештік. Концерт 5 бөлімнен тұрады, яғни менің балалық шағымнан бүгінге дейінгі өмірімдегі, өнердегі жолым жеке концертімде толық қамтылмақ. Бүлдіршін Айгүл, ес кіріп етек жиған Айгүлдің жастық шағы, ана атанған Айгүл, актриса Айгүл, ханшайым Айгүл секілді бөлімдер арқылы концертіме келген халық 2 сағат бойы менің әлеміме сүңгіп, менімен бірге өмір сүреді. Сахнаға қойылған Led экран арқылы мен өзіммен өзім тілдесемін», – дейді Айгүл Иманбаева.

Бір мұңайып, бір күліп,

Бір сүрініп, бір тұрып, күрсініп,

Беу, бір сынық.

Кеудемде тулайды тіршілік,

Жалған, тағдыр осы, тағдыр осы…

Бұл – Айгүлдің концертіне орындалатын жаңа әндердің бірі. Елена Әбдіхалықованың сөзіне жазылған Лұқпан Жолдасовтың әні «Арман өмір» секілді Айгүлдің репертуары бірнеше күрделі, мағыналы әндермен толыққан. Бұған дейін кілең жастарға арналған, махаббат жайлы әндер орындап жүрген әнші осы жолғы өзінің есеп беру концертінде Ақан серінің, Кенен атамыздың әндерін, батыстың халық әндерін орындайды. Дегенмен жастардың көңілінен шығатын әндер де жоқ емес. Сондай-ақ әншінің хитқа айналған «Таңғы елес», «Әдемі қыз», «Ақ гүлдер» әні де шырқалады. Әнші Айгүл Иманбаева өзінің орындауындағы Айгүл Бажанованың «Жақсы көрем» аты жаңа әнін хитқа айналатынына сенімді.

Бәзбіреулер Айгүлді Алтынаймен салыстырып, оның әншілік қырын сынап жатады. Алайда Айгүл өзінің әншілігінен актрисалығы басым екенін үнемі айтып келеді. Ал әнші Айгүл әрдайым өзінің бабындағы спортшы тәрізді жаттығудан, ізденуден танған емес. Репертуарында 40 шақты әні, 15 бейнебаяны бар әнші өз деңгейінде өзіне тән орындаушылық стилімен көрерменіне барын ұсынып жүр. «Өнерде кейде адаспау үшін де адасу керек, мен де адастым, репертуар жағынан адастым. Бірақ мен өзімді көп әншінің арасында шаң қауып қалған әншімін деп есептемеймін. Байқауларда бақ сынап, өзгелердің алдын орайтын әнші болмасам да, өзіндік ерекшелігім бар орындаушымын» дейді әнші. Иә, Айгүл жай ғана көптің бірі емес. Ол өзінің өнер адамына тән қайсар мінезімен, еңбекқорлығымен талай асуды бағындырған өнерпаз. «Өзін өнерден тапқан, өнерден өмір тапқан» қазақтың қаракөз қызы өнер үшін тағдырына қарсы жүруден де тайсалмады. Оның бойында өнерге деген махаббат қана емес, кеудесінде қуатын тасытып тұратын жанартау бардай әсер етеді. Ендеше, құрметті қауым, Айгүлдің өнерден тапқан жағалауын бірге аралайық, әншінің телегей теңіз ән әлеміне бірге сүңгиік!!!

Автор: Айнұр СЕНБАЕВА

Толығырақ: http://alashainasy.kz/culture/aygul-imanbaeva-men-altyinaymen-salyistyira-bermenzdersh-57710/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі