АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Ұлттық Қор қаражатының тиімді жұмсалуын Мемлекеттік комиссия мен «Нұр Отан» партиясы қадағалайды

Астана. 20 қараша. Baq.kz — «Болашақ ұрпақтар қоры» саналатын Ұлттық Қор қаражатының келешектің игілігіне жаратылуы ілуде бір елдің қолында бар мүмкіндік, деді «Қазақстан-2050» Демократиялық Күштердің Жалпыұлттық Коалициясының отырысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.

«Елбасы пәрменімен жиналған Қор қаржысы кезінде кейбір саясаткерлер мен экономистер ұсынғандай таратылып кетсе, бүгінгідей орасан әлеует қолымызда болмасы айдан анық. Осынау ауқымды жобаға бөлінетін қаржының тиімді жұмсалуын қадағалауды Мемлекет басшысы арнайы құрылатын Мемлекеттік комиссияға, «Нұр Отан» партиясына атап тапсырды», — деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары. Саясаткердің айтуынша, осы себепті де, партияға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламасында көрсетілгендей, партиялық, қоғамдық бақылауды күшейту арқылы халық игілігіне арналған мемлекет қаражатының шашаусыз жұмсалуын жүзеге асыру – басты міндет. «Жалпы, қоррупциямен ымырасыз күресте ел экономикасы дамуының үлкен резерві жатқандығы баршамызға мәлім. Аталған Бағдарламада осы істі тиімді жүргізудің тетіктері нақты көрсетілген», — деп атап өтті Б.Байбек. Cондай-ақ, ол, алдағы жылдары елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алатын 15 заң жобасын қабылдаудың көзделіп отырғанын және жұмыс нәтижесінің дамыған 30 мемлекеттің көрсеткіштеріне негізделген халықаралық 5 критерий бойынша сараланатын жеткізді. «Еліміздің ең беделді саяси партиялары мен үкіметтік емес ұйымдары топтасқан Демократиялық күштердің жалпыұлттық Коалициясы бүгіндері Парламент пен мәслихаттар депуттары, тиісті органдар жұмыла кірісіп жатқан мемлекет қаражатын бақылау ісіне ашықтық пен жариялылық негізінде еліміздің барлық белсенді күштерін жұмылдыратын алаң болуы тиіс. Оған Коалицияның әлеуеті, беделі мен мүмкіндіктері жетеді», — деп түйіндеді саясаткер сөзінің соңын. Айта кетейік, отырысқа ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, Қазақстан патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов, «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, Қазақстан коммунистік халық партиясының хатшы-үйлестірушісі Жамбыл Ахметбеков, сондай-ақ, ДКЖК құрамындағы ҮЕҰ-мен басқа да құрылымдардың жетекшілері қатысты. Онда Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланып, жаңа бастамаларға қолдау ретінде Үндеу қабылданды.

http://baq.kz/kk/news/56477