АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Прокуратура «Жиһадшы балалар» видеосы жайлы ескертті

Қазақстанның бас прокуратурасы 24 қарашада баспасөз ақпаратын таратып, 2014 жылы 22 қарашада интернетте жарияланған «Сирия аумағында жүрген және террористік ұйымдар жағында соғыс әрекеттеріне қатысып жатқан қазақстандық азаматтар көрсетілген» бейнеролик жайлы мәлімдеме жасады.

«Зерделеу роликтің мазмұны террористік әрекетке қатысуды насихаттауға және ақтауға бағытталғанын көрсетті. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы заңының 2-бабының 3-тармағына сай терроризмдi насихаттауға және ақтауға жол берiлмейдi» делінген бас прокуратура таратқан хабарламада.

«Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы заңының 10-бабына сәйкес терроризмді насихаттауға тыйым салынғанын ескерткен ақпаратта «Байланыс туралы» заңға сүйеніп, «аталған роликке кіруді оқшаулау, сондай-ақ оны сот тәртібінде заңсыз деп тану және Қазақстан аумағында таратуға тыйым салу жөнінде шаралар қабылдау туралы ұйғарым енгізген».

Бас прокуратура мұндай бейнематериалды таратып отырғандарға «құқықтық салдарлардың туындауын болдырмау үшін жоғарыда келтірілген заңдардың нормаларын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді және жоғарыда аталған роликті немесе оның жекелеген эпизодтарын таратудан бас тартуды ұсынады».

Азаттық сайтында қарашаның 23-і күні жарияланған «жиһадшы қазақ балалары» туралы қазақ және орыс тіліндегі материалдар Қазақстан аумағынан ашылмай тұр. Бірақ ол мақалада аталмыш видео жарияланбаған және оған сілтеме жасалмаған.

http://www.azattyq.org/archive/news/20141124/330/330.html