АЛТЫНОРДА
Новости

«Көрінбес-Көктемір» қозғалысы

1775-1776 жж. Батыс Қазақстанда патша үкіметіне қарсы бағытталған қарсылық қозғалысы. Бұл әрекеттерді Сапар Мәтенқызы есімді 22 жасар қазақ қызы бастаған, белгілі бір себептерге байланысты ол «Көктемір», «Көрінбес» деген жанама аттармен белгілі болған. Қозғалыстың орталығы Ұлы Қобда өзенінің бойлары болып табылған.

Пугачев бастаған көтеріліс басылған соң, 1775 ж. күзінде Ұлы Қобда өзенінің бойларын жайлаған Табын, Тама рулары ауылдары ішінде Көктемір, Көрінбес немесе әулие деген атпен белгілі бір адам пайда болады. Ол халықты күресті тоқтатпауға шақырып, әртүрлі жолдармен үгіт жүргізеді. Бұл заты әйел адам болатын. Ол туралы аңыз-әңгімелер ел арасына кеңінен тарайды. Әңгімелерге қарағанда, ол жай адамдарға тән емес, сырттан берілген бір тылсым күшке ие әйел баласы болып суреттеледі. Оның «Көрінбес» деген жанама аты да осы қасиеттерінің бірінен сыр шерткен.

Осы ғажайып, құдыретті күштердің қолдауымен ол халықты жаңа көтеріліске үндейді, Пугачевтің қайта оралатынына сендіреді. Ел арасына хабар-ошар тез тараған ғой, ауыр соққыдан еңсесі түскен халықтың көңілінде бұл үндеулер үміт отын қайта тұтатады. Осындай елге жөн сілтейтін адамның пайда болғаны туралы сыбыстар басқа руларға да бірден тарап, қолдаушылары көбейе береді. Халық Көрінбесті әулие тұтып, соңынан ереді, айтқандарын бұлжытпай орындайды. Көрінбейтін әулиенің үгіт-насихаттарымен оның ауылында қаруланған 1500 адамдық жасақ та жиналады. Бұл жасақ башқұрттарға шабуыл жасап, орыс шебіне де қауіп төндіреді. Белгілі бір себептермен Көрінбес қозғалысын Досалы сұлтан мен оның ұлы Сейдалы сұлтандар қолдайды.

Орынбор губернаторы Рейнсдорп елді дүрліктірген жұмбақ жан туралы шынайы мәліметтер әкелу үшін саудагер кейпіндегі тыңшыларын да жіберген. Нұралы хан да әулие туралы мән-жайды білу үшін ұлы Есім сұлтан мен ел ішінде беделі зор Сырым батырды аттандырған. Көрінбес-Көктемір атымен елді отаршылыққа қарсы күреске шақырып жүрген Табын руынан шыққан 22 жасар Сапар Мәтенқызы екені анықталады. Ол Пугачевтің тірі екенін, оның орнына басқа біреудің өлтірілгендігін, «жаңа патшаның» 20-30 мыңдаған қазақ, башқұрт т.б. халықтардың әскерімен қазақ даласына келе жатқандығын айтумен болған. Оны көрген адамдар, губернатордың тыңшылары да әулиенің бір әйелден басқа ешкімнің көзіне көрінбейтінін, адамша сөйлейтінін, қайда кететіні белгісіз, екі-үш тәулікке дейін жоғалып кететіндігін, ауылға оралғанда сиырша өкіретіндігін жеткізген. «Көрінбесті» көріп тілдесетін Сапар Мәтенқызы оның төрт аяқты, басы адамдардай, бірақ мүйізді түрде көрінетінін, арқасы көк темірден екендігін айтқан.

Көктемір-Сапар 2 мың үйлі шаңырақпен Қобданың жоғарғы жағында мекендеген. Өзіне келген меймандарды, соның ішінде губернатордың ұлттары татар тыңшыларын да жаюлы дастарқанмен қарсы алып отырған. Алайда, олардың келуінің ішкі себептерін де бірден біліп отырған. Түзу ниетпен келген жандарды өз қол астындағыларға сый-құрметпен шығарып салдырса, тыңшыларды «қазақ халқын әбден күйзелтіп, құрту үшін» келгендерін айтып, өлтіруге бұйырған. Тыңшылар өздерін сүйрей жөнелген әскерге жалынып-жалбарынып, жандарына әзер сауға алған. Көктемірдің өзі де оларды кешіріп, өз ордасында қалуларын тапсырғанымен, біраз уақыттан соң оларды босатады.

Бір жылға жуық уақытқа созылған Көрінбес қозғалысы 1776 ж. жазында тоқтаған. Оның бірнеше себебі бар болатын. Сапарды қолдаған Досалы, Сейдалы сұлтандар оған соңына дейін адал болмайды. Олардың көтерілісті қолдауда өз ішкі есептері де бар болатын. Нұралы хан мен Досалы арасында бақталастық та болған еді. Пугачев алдыңғы жолдауларының бірінде ханды дарға асып, орнына Досалыны қоюға уәде еткен болатын. Қозғалыстың тоқтауының екінші маңызды себебі – оның негізгі қозғаушы күші, ұстанымы, халықтың арманы мен сенімі болған азат етуші «жаңа патшаның» келмеуі еді. Сапар 1775 ж. қыркүйегінен келер жылдың көктеміне дейін Пугачевтің келетініне елді сендіріп келгенімен, оның орындалмауы халықтың көтеріліске деген ынта-жігерінің азаюына әсер етеді. Бұларға қоса, қозғалысқа басынан қарсы болған Нұралы ханның әрекеті де оның тарауына себеп болды. Ол губернатордан әскер шығарып, бүлікші ауылдарды жазалауды қайта-қайта сұрайды: «…Если упомянутые разбойники, населяющие берега Илека и Хобды, за свои преступления не будет вами наказаны, то я опасаюсь, что с наступлением лета к этим сбившимся с пути присоединятся и другие. Я удивлен и поражен, почему вы жалеете совершающих разбои киргиз-кайсаков из родов Табын и Тама, которые со своим главарем Дос-Али находятся близко от вас, на берегах Илека и Хобды…»(Орынбор обл. мұрағаты, 3-қор, 1-т., 152-іс, 318-321 пп.).

Осындай әрекеттердің салдарынан Көрінбес ауылдары 1776 ж. жазында Қобда бойынан Қиыл өзенінің бойына көшеді де, осымен қозғалыс тоқтайды. Оның бұдан кейінгі тағдыры туралы ешқандай мәлімет жоқ. Зерттеушілер оған жекелеген парақтар арнағанымен, азаттықты аңсаған батыр қыз бейнесі жұртшылыққа әлі де белгісіз. Ол басқарған күрес өзінің идеясы мен мазмұны жағынан Отан тарихындағы шешімі табылмаған ең жұмбақ әрекет болып қала береді.

e-history.kz


Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/kornbes-koktemr-kozgalyisyi-58523/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі