АЛТЫНОРДА
Новости

AI Шешенстандағы үй өртеуді тексеруге шақырды

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Шешенстанда «содыр» деп танылған азаматтардың туыстарының үйлерін өртеу оқиғасын «ұжымдық жазалау» деп атап, Ресей билігін оқиғаны тәуелсіз және әділетті түрде тергеуге шақырды.

Бұған дейін, желтоқсанның 10-ына қараған түні бетперде киген адамдар Шешенстанның Янди селосында кемінде төрт үйді өртегені хабарланған. Желтоқсанның 5-інде Шешенстан президенті Рамзан Қадыров Instagram әлеуметтік желісінде «Егер содыр Шешенстанда полиция қызметкерін немесе басқа адамды өлтірсе, оның отбасы жедел түрде Шешенстаннан қайтып оралу құқығынсыз шығарылады да, үйі іргетасымен бірге сүріледі» деп жазған.

Ресейдің азаптауға қарсы комитеті төрағасы және президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі кеңестің мүшесі Игорь Каляпин Ресей бас прокуратурасына Қадыровтың бұл жазғандарының заңдылығын тексеруді сұрап, шағымданған.

Шағымында кінәсіздік презумпциясына сүйенген Каляпин Қадыровтың үстінен қызмет өкілетін асыра пайдалану бабы бойынша қылмыстық іс қозғауды сұрайды.

Желтоқсанның 4-іне қараған түні Шешенстан астанасы Грозныйда бір топ қарулы адам жол-патрульдік полициясына шабуылдап, сосын қала орталығындағы баспа үйіне және бір мектепке жасырынып алған. Соңғы деректер бойынша, қарулы топқа қарсы операция барысында 11 содыр мен 14 полиция қызметкері оққа ұшқан.

Шабуылды «Кавказ имараты» тобы мойнына алған.

http://www.azattyq.org/archive/news/20141210/330/330.html?id=26734923