АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ТҮРКИЯ АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫН САЛУДЫ ЖОСПАРЛАУДА

imagesСырт көзге өз тірлігі өзінде ғана көрінген Түркия бүгінгі уақытта тек аймақтық қана емес, әлемдік алып мемлекеттердің қатарынан көрінуге тырысып бағуда. Олай деуіміздің себебі, түрік ағайындар ядролық қаруға келгенде ерекше белсенділік танытып отыр.

Аталмыш ел 2018-2019 жылдарға қарай үшінші атом электр станциясын салуды жоспарлауда. Бұл туралы  елдің премьер-министрі Ахмет Давутоғлы мәлімдеген еді. Оның айтуынша, АЭС-ті ұлттық жоба ретінде салу үшін білікті мамандар дайындау керек.

Әзірге елде ондай мамандар аз болғандығына қарамастан қолда бар мұмкіндікті қалт жібермеуде. Таяуда ғана Ресей Түркияда атом электр станциясын салатындығы туралы келіссөз жүрген еді. Түркия мен Ресей  арасындағы сауда айналымы 2020 жылға қарай 100 миллиард долларды құрауы тиіс деп жоспарланып отыр.

Яғни қазіргі 32 миллиардтық соманы 3-4 есеге арттыру көзделген.  Анадолы еліне арнайы ат басын бұрған Ресей президенті Владимир Путин түрік басшысы Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесу барысында осындай келісімдерге қол жеткізді. Жетпіс бес минутқа жоспарланған екі жақты кездесу 3 сағатқа созылған.  Кәсіпкер ел үшін бүгінде ең өзекті тақырып  көгілдір отынның жағдайы болып отырғандығы ешкімге жасырын емес.

Бұны ескерген, Ресей президенті газ бағасын 2015 жылдың 1 айынан бастап 6 пайызға арзандататынын жеткізіп, түрік басшысын бір қуантып қойды. Ресей жылына 3 млрд тонна текше метр газ жөнелтуді жоспарлауда. Егер Түркия одан да көп қажет десе, газ құбырын тартуға да дайын екендіктерін жеткізді Ресей президенті.

Ресейдегі көгілдір отыннан Батыс елдерінің бас тартып, «Оңтүстік ағын» жобасының іске аспай қалуы  аталмыш елдегі табиғи газдың тонналап жиналып қалуына әкеп соқты. Десе де, оны іске жаратудың ебін тапқан Путин түрік ағайындармен бірлесіп жұмыс жүргізуді қолға алған сыңайлы. Екі ел басшыларының арасындағы кездесу кезіндегі әңгіме экономика төңірегіннен әрі аспаса да, екі ел игілігі үшін біршама істің басын қайырыпты екі ел басшылары.

Қолында қаруы барлар алып жығатын, айлакештер шалып жығатынын кезеңде әлем алпауыттары атанған елдердің өмір сүру тактикасы — «мықтының күші білекте» екендігіне дәлел болып отыр.  Ядролық қаруды таратпау жөніндегі күшіне 1970 жылы енген Келісім-шартқа сәйкес, тек 5 мемлекеттің ғана ядролық қару ұстауына болады.

Сол кезде ядролық қаруы болған мемлекеттер — АҚШ, Совет Одағы, Ұлы Британия, Франция және Қытай – ядролық қарудың технологиясын өзге елдерге таратпауға және жойқын қаруды мүмкіндігінше жоюға келісті. Әлемнің шамамен 190 мемлекеті аталған Келісімді мақұлдады. Алайда, 36 жылдан кейін әлемнің алдында қиындық туды.

Енді 9 елдің жарағында ядролық қаруы бар, олардың төртеуі Келісімге қол қоймаған және атом қуаты бойынша халықаралық МАГАТЭ агенттігі мен басқа да сарапшылардың ортақ пікіріне сәйкес, мұндай елдердің тізімі әлдеқайда ұзын болуы мүмкін екендігі анықталған. Немістің барлау қызметінің хабарлауынша,Түркия соңғы жылдары ядролық қару жасаумен айналысу үстінде көрінеді. Неміс барлау қызметінің дерегіне сүйене отырып, Die Welt басылымы: «Түркия басшысы Реджеп Ердоған ядролық қару жасауда Иранның жасап отырған тірлігін қайталап отыр» дегенді алға тартады. Соңғы жылдары Түркия бейбіт атом бағдарламасын кең түрде дамыта бастады. 2011 жылы Анкара Жерорта теңізінің жағасында атом реакторы кешенін салу үшін, Ресейдің «Росатом» компаниясымен 15 миллиард долларлық келісімге, 2013 жылы жапон және француз­дың осы салада жұмыс істейтін консорциумымен 17 миллиард долларлық шартқа отырды.

Бірақ түріктер даяр болған ядролық отын сыртқа шығарылады дегенді шартта көрсетпеген. Мұның өзі ғаламдық деңгейде үлкен күмән тудыруда. Жалпы, Ердоған уранды байыту туралы пәрменді 2010 жылы берген.

Қазірдің өзінде бұл ел центрифугтың өте үлкен қорын сақтап отыр. Оны Пәкстаннан жасырын алған. Сонау ХХ ғасырдың 80-жылдарының ортасынан бастап Түркия жақын қашықтыққа ататын зымыран­дарды жасауды қолға алды. Ал 2011 жылы Ердоған әскери өндіріс кешендеріне ядролық оқтұмсықты алып ұшуға мүмкіндігі бар зымыран жасауға кірісуге ниетті екендіктерін жеткізді. 2012 жылы бұл мемлекет қашықтығы 1500 шақырымға жететін зымыранды сынақтан өткізді.

Сонымен қатыр, 2500 шақырым қашықтыққа ұшатын зымыран ұшыру жоспарланған. Түркия­ның ядролық қаруға ұмтылысын 2011 жылы осы елдің АҚШ-тағы елшісі Намик Тан:

«Иранның ядро­лық қаруға ие болуына Түркия көне алмайды» десе, араға екі жыл салып сол кездегі президент Абдулла Гүл: «Біздегі жоқ қарудың көршіде болуына Түркия жол бере алмайды», ̶ деп мәлімдеме жасаған еді.

Әлем тарихыннан белгілі жайттың бірі, ядролық қаруды бейбіт мақсатта пайдаланамыз дегендердің арты шуға ұласып, өзге елдерге күмән тудырған еді. Алпауыт елдермен иық тіресу үшінде қауқарлы қарудың ролі жоқ емес.

Осы ретте, дамудың жаңа сатысына көшуге ұмтылған Түркияның бұл бетбұрысы – алпауыттар қатарынан көрінуге мүмкіндік бере ме, бермей ме, алдағы уақытта көретін боламыз

Еркежан Жуматай

http://www.turkystan.kz/