АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік тірегі

kCB9BmSZkO8Тәуелсіздік – ұлы сөз, ұлы ұғым. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен күнге 1991 жылдың 16-желтоқсанында қол жеткіздік. Бұған Алты алаш, күллі әлемдегі қазақ жұрты шаттанды, бөркін аспанға атты. Тәуелсіздік келуімен еліміздің керегесі кеңейіп, шаңырағы сөзсіз биіктеді. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың лайықты мүшесіне айналды. Бізді дербес ел ретінде, саяси салмағы бар мемлекет ретінде мойындап, тани бастады.

КСРО құрамында болғанымызда біз тіліміз бен дінімізден, салт-сана, әдет-ғұрпымыздан, ұлттық қазына-құндылықтарымыздан түбегейлі айырылып қала жаздадық. Сол заманның ұлтсыздандыру саясаты қазақы тамырымызға балта шабуға шақ қалған еді. «Мың өліп, мың тірілген» қайсар халқымыз қилы заманды бас­тан кешірді. Тәуелсіздікке жету жолында халқымыз сан ғасырлық жолды жүріп өтті. Сағы сынған кездері болса да, жігері жасымады, қайраттанып алға адымдады. Сырттағы жауларымыз дүркін-дүркін шабуылдап, қазақтың байтақ жеріне көз алартты. Мұның барлығы Тәуелсіздік жолындағы күрестеріміздің шежірелі жолына айналды.
Бүгінгі ұрпақтың еншісіне тәуелсіз Қазақстанда өмір сүрудің бақыты бұйырды. Шетелге шығудың өзі мұң болған заманда бүгінгі ұрпақ төрткүл дүниені еркін аралайды. Қай елге барып білім аламын десе де, жол ашық. Қазақстанмен бүгінде әлемнің барлық елдері әріптес болуға мүдделі. Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміздің тәуелсіздігі жыл өткен сайын нығайып, мемлекетіміздің іргетасы беріктеніп келеді. Қастерлі тәуелсіздігімізбен бірге қасиетті тіліміз, ата-баба дініміз оралды. Салыстырып көрелікші, қазақ тілінің аясы тарылып, қазақ мектептері жабылып, қазақ балабақшалары да болмаған кездерді көзіміз көрді. Ал тіл ұлттың басты байлығы. Ұлттың ұлт болуы, халықтың халық болып өмір сүруі ана тіліміздің сақталуында жатқаны белгілі. Демек, тәуелсіздіктің келуімен тіліміздің мәртебесі биіктеді. Қазақ тілі заң жүзінде өзінің тұғырына қонды. Мемлекеттік тіл болды. Ендігі кезекте тіліміздің тұғырын одан әрі биіктетуге барлығымыз жұмыла кірісуіміз қажет. Сонда ғана біз егемендігімізді баянды етіп, тәуелсіздігіміздің дәрежесін арттырамыз.
Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген жастар бүгінде мүлде жаңа ұрпақ. Олар өз елінің патриоттары. Еліміздің әрбір жас азаматы осынау киелі ұғымды шын жүрегінен түсіне білуі тиіс. Бүгінгі жетістігіміздің барлығы оңайлықпен келе салған жоқ. Сол жетістіктердің артында қаншама еңбек жатыр. Біз тәуелсіздік жолында жанын құрбан еткен даңқты батырларымыздың есімдерін де ұмытпауымыз керек. Тарихи салт-санамызды жаңғыртып, асыл дәстүрлерімізді сақтап, дамыту жолында да азаттығымыздың алар орны айрықша. Азат ел қашанда айбынды. Еңсесі тік. Рухы биік. Санасы да, көкірегі де ояу. Ендігі кезекте біз өз еліміздің бүгінгі жеткен жетістігін, халықтар достығының бекемдігін одан әрі биіктетіп, жоғарылата білуіміз керек. Татулықты серік еткен, бейбітшілікті көздеген ел ғана бақытты өмір сүре алады. Қазақстан – бейбіт ел. Бейбітшілікті сүйетін ел. Демек, құшағын айқара ашқан, ынтымақтықты, тең құқылы әріптестікті қалайтын елдер мемлекетімізді өздерінің досы санайды.
Тәуелсіздіктің қадіріне бойлап, ой жүгірткенде біз, әлбетте, оның шынайы бағасын түйсіне білуіміз керек. Еркіндік, дербестік, дамуымыздың, таңдап алған бағытымыздың сара жолы осынау киелі ұғыммен астарласып, тығыз байланысып жатыр.

Дәуіржан Төлебаев

http://anatili.kz/