АЛТЫНОРДА
Новости

Сабина жаңа жылды Гонконгта қарсы алады

©Нұрғиса Елеубеков (фото)Сұлулар байқауына қатыспай ақ, әдемілігімен жарты әлемді тәнтті еткен қазақтың сүйкімді қызы Сабина Алтынбекова жылқы жылында ғаламторды дүр сілкіндірген еді. Қарапайым спортшы қыз күні кеше осыдан біраз уақыт бұрын өзін ес тандырардай танымалдыққа жеткізген Қытай еліне аттанды. Бұл жолы Сабина Гонконг қаласына арнайы шақыртумен кетіп бара жатқан көрінеді. Осы сапарының алдында Сабинамен «Алаш айнасының» тілшісіне кездесіп, тілдесу мүмкіндігі туды.

– Сабина, әңгімемізді сіздің Гонконгқа сапарыңыз жөнінде бастасақ. Тайпэй қаласында әлеуметтік желі арқылы сіздің көркіңіздің көркемдігін насихаттаған көрші мемлекет бұл жолы сізге қандай тосынсый жасамақ?

– Шынымды айтсам, Гонкгонгтан шақырту келген кезде ең алдымен бұл шара менің жаттығуларыма кедергі келтірмей ме, соны ойладым. Гонконгта өтетін салтанатты жиын, халықаралық конференция спортпен тығыз байланысты болғандықтан баруды ұйғардым. Ол жақта мен сияқты жан жақтан келген жас спортшылар, оның ішінде волейболшылар атақты волейбол жұлдыздарымен кездеседі, яғни әріптестер өзара тәжірибе алмасады, содан кейін Гонконгтың волейбол командасымен жаттығу өткіземіз және фанаттармен де арнайы кездесу ұйымастырылмақ.

– Ганконгта қанша уақыт боласыз?

– Бір аптадай сол жақта боламын.

– Демек жаңа жылды шетелде қаросы алады екенсіз ғой? 

– Иә, жаңа жылды алғаш рет шетелде қарсы алмақпын. Әдетте жаңа жылды туған қалам Ақтөбеде ата-анамның, туған-туыстарымның қасында қарсы алатынмын. Биыл міне, бірінші рет жаңа жылда жақындарымнан жырақта боламын.

– Жаңа жылда қандай арман-тілектеріңіздің орындалғанын ерекше қалар едіңіз?

– Мен жаңа жылда ғана емес, күнде армандаймын.

– Армандарыңызбен бөлісе алар ма едіңіз?

– Менің арманым — орындалмайтын қиял ғана емес, алдыма қойған мақсаттарымды жүзеге асыру. Бұл ең алдымен менің спортта жетістікке жетуіме, ата-анама, оқуыма қатысты армандар.

Оқу демекші, қазір сіз студентсіз ғой…

Иә, мен Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студентімін, болашақ спорт маманымын. Дегенмен болашақта магистратураға халықаралық қатынастар мамандығы бойынша тапсыруды мақсат етіп отырмын.

– Сонда кейін дипломат болу ойыңызда бар ма? 

– Жоқ, халықаралық қатынастар саласын меңгеру менің спортта үлкен жетістіктерге жетуіме себеп болады деп ойлаймын.

– Әдетте адамдар жыл соңында өзіне есеп беріп жатады ғой. Сіз үшін өткен жыл несімен ерекшеленді?

– Мен үшін жылқы жылы өте сәтті өтті. Менің спорттық карьерама қатысты жаңа мүмкіндіктер ашылды. Ал осы жылы өзімнің табан астында танымалдыққа ие болуымды маған Алланың берген сынағы деп қабылдаймын. Өйткені танымал болу, үнемі миллиондардың назарында болу адамға үлкен жауапкершілік жүктейді ғой. Осы тұрғыда бұл менің есеюме себеп болды.

– Қытайдың Тайпэй қаласында волейболдан өткен жарыстан кейін Инстаграм әлеуметтік желісіндегі оқырмандарыңыздың саны минут санап өскен кезде қандай сезімде болдыңыз?

– Әрине, алғашында таңқалдым. Неліктен аяқ астынан табынушылардың көбейгенін де түсінбей қалдым. Маған бұған дейін де келбетіме қатысты жақсы пікірлер білдіріп жататындар көп болатын. Әлеуметтік желілерге салынған суреттеріме қатысты мақтау сөздер де жазылып жататын. Меніңше, барлық әдемі қыздардың жеке парақшаларында табынушылары аз болмайды. Бірақ Тайпэйдегі жарыстан кейін шетелдіктердің өзіме деген назары ерекше болғаны менің өз елімде, алыс-жақын шетелдерде танымал болуыма себеп болды.

– Шетелдік басылымдар сіздей сұлу спортта емес, сән бизнесінде, кинода жүру керектігін жарыса жазып жатқанда, сізге жан-жақтан небір ұсыныстар түскенін де көріп, біліп отырмыз. Сіз спорт үшін барлық ұсыныстардан бас тарттыңыз. Кейін жас кезіңізде өзіңізге берілген мүмкіндікті жіберіп алғаныңызға өкінем деп ойламайсыз ба?

Жоқ, менің негізі мақсатым – спорт. Мен өзімнің болашағымды спорттан көремін. Сондықтан өкінбеймін деп ойлаймын.

Жақында “Халықтың сүйіктісі” сыйлығының «Жыл жаңалығы» аталымы бойынша лаурет атандыңыз. Мерекелік шара барысында сіздің келер жылы киноға түсетіндігіңіз жөнінде хабардар болдық. Бұл киноға түсуге келісуіңізге не себеп болды?

– Маған ең алдымен келер жылы түсірілетін фильмнің сценарийі ұнады. Фильм 90-жылдары шетелдіктер Қазақстаннан асырап алған баланың Отанына оралуы жайында. Еліне оралған жігіт өзінің сүйіктісін кезіктіреді. Мұнда елге деген сүйіспеншілік сезімі де, романтика да бар.

–Сіз сол сүйіктісінің рөлін ойнайсыз ғой?.. 

Иә, сүйіктісінің рөлін ойнаймын. Мен үшін киноға түсу өте қызық.

–Сабина, жаңа жылда сіздің армандарыңыздың орындалуына тілектеспіз. Табалдырығымыздан аттағалы отырған Қой жылында қазақстандықтарға қандай тілектеріңіз бар? 

Жаңа жыл баршамызға құтты болсын. Қой жылы қазақ елі үшін мерекелі, берекелі болғай! Мен үшін Қазақстанымның азматы болу – үлкен мәртебе. Қазақстанымның беделі асқақтай берсін!

Көп рахмет! Сізге сәт сапар тілейміз. Жаңа жылды жақсы қарсы алыңыз!

Айнұр СЕНБАЕВА

Толығырақ: http://alashainasy.kz/sport/sabina-jana-jyildyi-gonkongta-karsyi-aladyi-59969/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі