АЛТЫНОРДА
Новости

Берлинде Украина жайлы келіссөз өтеді

Бүгін Берлинде Украина, Германия, Франция және Ресей сыртқы істер министрліктері департамент директорларының Украина дағдарысына қатысты кездесуі өтеді.

Ресей жағынан кездесуге сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері екінші департаментінің директоры Виктор Сорокин қатыспақ.

«Норманд форматы» деп аталатын кездесуде Шығыс Украинадағы жағдайды реттеу жөніндегі Минск келісімімен байланысты мәселелер талқыланады деген болжам бар. Бүгінгі кездесу төрт ел сыртқы істер министрлерінің кездесуіне дайындықты пысықтайды деген де ақпарат бар. Дипломатиялық арналардың дерегінше, сыртқы істер министрлерінің кездесуі қаңтардың 7-сінде өтуі мүмкін. Бірақ оның қай жерде өтетіні белгісіз.

Былтыр маусымда Францияның Нормандия провинциясында екінші дүниежүзілік соғыста одақтастар әскерінің түсірілгеніне 70 жыл толуын мерекелеу кезінде Германия канцлері мен Франция президенті бірінші рет Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөзге арағайындық жасаған еді. Содан бері төрт ел өкілдері арасындағы келіссөз «норманд форматы» деген атауға ие болған.

Бұған дейін елтоқсанның соңында Астанада Украина президенті Петр Порошенко қаңтардың 15-інде Ресей, Германия және Франция басшыларымен норманд форматында келіссөз өткізуге алдын-ала уағдаластық жасалғанын мәлімдеген еді.

Төрт ел президенттері соңғы рет қазан айында Миланда кездесіп, Ресей мен Украина арасындағы газ тасымалдау дауын реттеу мәселесін талқылаған.

http://www.azattyq.org/archive/news/20150105/330/330.html?id=26776836