Германия канцлері Ангела Меркель Ресей президенті Владимир Путинге Минскіде жасалған келісімнің шарттары орындалмайынша Украина жөнінде «норманд форматындағы» саммит өткізу мүмкін еместігін айтқан.
Канцлердің баспасөз хатшысы Штеффен Зайберттің хабарлауынша, қаңтардың 10-ы күні телефон арқылы сөйлескенде Меркель Путинге Минск келісімін жүзеге асыру үшін Украинаның шығысындағы сепаратистерге Мәскеудің ықпал етуін күтетінін жеткізген. Меркель Украинадағы жағдайға қатысты «шынайы прогреске» қол жетпейінше Франция, Германия, Ресей және Украина басшыларының қатысуымен Астанада саммит өтпейтінін ескерткен.
Бұған дейін қаңтардың 15-і күні Астанада Украина жағдайына қатысты жоғары деңгейдегі кездесу өткізу жоспары туралы хабарланған еді. Оған дейін төрт елдің сыртқы істер министрлері қаңтардың 12-і күні Берлинде кездеспек.
Зайберттің хабарлауынша, сенбі күні Германия канцлері Ангела Меркель Украина президенті Петр Порошенкомен де сөйлескен.
Былтырғы жылдың көктемінен бері Украинаның шығысындағы қарулы ұрыстар салдарынан 4700 адам қаза тапқан.
http://www.azattyq.org/archive/news/latest/330/330.html?id=26787167