АЛТЫНОРДА
Новости

САТАЕВ СЫРЫН АЙТТЫ

Танымал кинорежиссер Ақан Сатаев «Хакер» киносының афишасын жариялады. Режиссер афишаны өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөлісті деп жазады baistars.kz.

Афишада жаңа туындының жақын арада прокатқа шығатыны белгілі болды. Естеріңізде болса, «Сатайфильм» кинокомпаниясы канадалық «Know Rules Media» кинокомпаниясымен бірігіп, «Хакер» киножобасын қолға алып, 2013 жылы түсірілім жұмыстарын бастаған болатын.

Сондай-ақ, Қазақстандағы ең табысты режиссер саналатын Ақан Сатаев бұған дейін «Рекэтир», «Жаужүрек мың бала», «Адасқандар», «Ликвидатор» атты картиналарды түсіріп, отандық кинематографияда өз беделін мықтап бекемдеген суреткер.

«Хакер» драмалық триллері Ақан Сатаевтің алғашқы батыстық жобасы. Тимур Жақсылықов пен жас кинематографшы Санжар Сұлтанов жазған сценарийдің желісі бойынша, кинофильмде несие картасын алаяқтық жолмен бұзып күн көретін хакердің шынайы өмірі баяндалады.

Жас жігіт жеңіл жолмен байлыққа кенелгісі келіп, хакерлік әлемнің түбіне тереңдеп кетеді. Бірақ ол жеңіл ақшаның соңы ауыр азапқа алып келерін кеш ұғады.

Фильмде Эмигранттар отбасында дүниеге келген киберкеңістіктің маманы Алекс Данилюктің рөлін жас актер Каллэн Маколифф, ал, оның құрбысының рөлін Кира Уитталды Джек Николсонның қызы Лоррейн сомдайды.

Түсірілімнің өзі Нью-Йорк, Торонто, Бангкок секілді ірі қалаларда өткен. Батыстық туынды режиссер үшін үлкен тәжірибе жинауға арналған мектеп болды.

«Мен үшін бұл тағы бір мектеп, өте үлкен тәжірибе. Көп нәрсе үйрендім. Түсірілім процесстерінде үлкен айырмашылық болмаса да, қызметшілермен жұмыс істеу тұрғысынан біраз айырмашылық бар екен. Мысалы, актер 12 сағаттан көп жұмыс жасамауы керек. Ал режиссер эпизодта ойнайтын актерлермен сөйлеспеуі керек, кеңес бермеуі керек, тек көмекшілері ғана. Тағы бір қызығы, түскі ас уақыты қатаң реттелген және үзіліс кезінде ешкім жұмыс жайлы әңгімелеспейді , тіпті тыйым салынған»,-деп Ақан Сатаев баспасөз беттеріне берген сұхбатында айтып кеткен.

Ендеше, көптен күткен батыстық жаңаша туындыны жақын арада көретін боламыз.

NUR.KZ