АЛТЫНОРДА
Новости

Хан Кененің басы қайда: дерек бар, бас жоқ…

©Алаш айнасы иллюстрациясыҚазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында 20 сериялы тарихи фильм түсірілетіні туралы айтылғанымен, кейін оған қатысты әңгіме көбейген еді. Дағдарыс әсер етті ме, әйтеуір жауапты тарап 20 серияның онға қысқарғанын жұртқа жария етті. Тағы бір мәселе, Хан Кененің табылмай кеткен бас сүйегі. Қазақ хандығының 550 жылдығында Кенесарының бас сүйегін елге қайтарсақ, зор олжа болмақ. Алайда оның реті әзір келетін емес. Кезінде шарқ ұрып, Ресейдегі эрмитажды ақтарғанмен оны елге қайтару мүмкін болмай тұр. Бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Ханның басы туралы тағы әңгіме қозғалды.

Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнография институтының директоры Ханкелді Әбжанов Қазақ хандығының 550 жылдығына қатысты 20 сериялы фильм түсіру «Қазақфильмге» жүктелген міндет екенін алға тартады.  Яғни, тарихшылар Қазақ хандығы туралы фильм 20 әлде 10 серия бола ма, оған сол тарап жауапты болғандықтан пәлен деп ештеңе дей алмайды. Ал Кенесары ханның басы әлі де тынымсыз ізделуде екен. «Бұл тақырып азаттық алғалы күн тәртібінен түскен жоқ. Қазір біздің институт мемлекеттік қолдау аясында жұмыс жүргізіп жатыр. Кенесарының басы Мәскеуден де, Петербордан да шықпайтын сияқты. Егер шыға келсе мемлекеттік қымбат дүниелерді сақтайтын орында болуы мүмкін. Екінші ұсыныс, Батыс сібірден, Омбы, Том, Кемерден іздеу керек. Ол эрмитажда емес, шағын бір музейдің жертөлесінде жатуы да ғажап емес. Дегенмен іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Осыған қатысты біздің азаматтар Петербор, Омбы, Том музейлері мен мұрағаттарын ақтарып келді. Дерек бар, бас жоқ! Соған қарамастан биыл да, келер жылы да іздеу жұмыстары жалғасады. Кезінде Қырғызстанда да осыған қатысты жұмыстар жүргізілді. Архив деректерінде бас қырғыз жерінен құжатқа кетті делінген. Кейін Мәскеуге әлде Петерборға жеткізілді ме, ол жағы белгісіз. Бір ғана болжам бар, ол мемсақтауға кетті ме деген тұспал. Оған түссе, оны бері шығару, қияметтің қияметі. Оған ғалымдардың мәртебесі жете бермейді, ол мемлекеттік деңгейде шешілуі керек шығар. Алда-жалда табыла қалса, біз де бірден сүйінші сұраймыз»,- дейді Х. Әбжанов.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Мәдениет министрлігін басқарған тұста іздеу жұмыстарының қарқынды жүріп жатқандығын Мәжіліс депутаттарына айтып еді. Алайда, оны іздеуде нақты қай жерге бару қиын екендігін алға тарқан-ды. Тіпті, қырғыз жерінде хан өлген жердің маңайында қазба жұмыстары жүргізілген көрінеді. Өкініштісі сол, бірақ қазақтың соңғы ханының басының қайда тұрғаны, жатқаны белгісіз. Бас сүйек демекші, тек Кененің ғана емес орманды елді асқан қазақтың батырларының бас сүйегі аз емес. Бассыз жатқан мүрделердің ішінде Махамбет, Тәттімбет секілді ұлттың біртуарлары да бар.

Автор: Жанкелді Қаржан


Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/han-kenenn-basyi-kayda-derek-bar-bas-jok-61904/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі