АЛТЫНОРДА
Новости

ҚАЗАҚТЫ ТАРИХЫМЕН ҚАУЫШТЫРҒАН ҚАЛАМГЕР

ҚАЗАҚТЫ ТАРИХЫМЕН ҚАУЫШТЫРҒАН ҚАЛАМГЕРАлматы қаласы ОКЖ-нің №4 кітапхана-бөлімшесінде аты әлемге мәшһүр жазушы, кемеңгер тұлға Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуына арналған әдеби-сазды портрет кеші ұйымдастырылды. Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Жазушының мерейтойы биыл ЮНЕСКО көлемінде тойланбақ. Ерлік пен даналықтың, ұлттық қалыптасу кезеңдерінің барлығын шынайы бейнелеген Ілияс Есенберлиннің ерен еңбегі қазақ тарихының бастау бұлағы. Біртуар тұлға қазақ халқының сан ғасырлық тарихын зерттеп, зерделеп, көркем тілмен шебер бейнелеп, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан үздік қаламгер.

Бұл әдеби-мәдени іс-шараның мақсаты – оқыр­мандарды қазақ халқы­ның дара тұлғасы, көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің халқына қалдырған шоқтығы биік әдеби туындыларымен таныстыру, жас ұрпақты әдеби әлемнің рухани мол қазынасынан нәр алуға бау­лу, оларды тарихи шығармаларды оқыту арқылы ұлттық тарихымызды ұлықтауға тәрбиелеу, бабалардан мирас болған ұлттық мәдени мұраларды, ұлт жауһарларын қадірлеуге үйрету.

Әдеби-сазды портрет кешіне актер, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ахметжан Аширов, жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының аға ғылыми қызметкері Гүлжахан Орда, ақын, сазгер, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты Әнуар Тарақ, Ілияс Есенберлин атындағы қордың вице-президенті Ахмет Дүйсенбаев қатысты.

Экран арқылы қаламгердің ғибратты өмір жолы мен шығар­машылығы, әдеби туындылары, қайраткерлік келбеті, қаламдас әріптестері, жанұясы туралы слайдтар, бейнебаян, деректі фильм­дер көрсетілді. Әдеби-сазды кеш қонақтары қаламгердің шығармашылығы мен озық туындыларының ерекшеліктері, адами болмысы, қаламгерлік қызметі жайлы естеліктер айтып, ой бөлісті, төл әдебиетіміздің тарихында 17 роман, көптеген повестер, киносценарийлер мен ән-жырлар жазып қалдырған қарымды қаламгердің озық туындылары бүгінде халқымыздың рухани қазынасына айналып, болашақ ұрпақтармен мәңгі жасай беретінін атап көрсетті. Жазушы Нұрдәулет Ақыш: «Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи трилогиясы ұлт тарихына қосылған өте құнды асыл қазына. Жазушы бұл шығарма арқылы елдік дәстүріміз бен талай ғасырға созылған тарихымыз бар екенін көркем әдебиет көлемінде тұңғыш таныстыра алған», – деп атап өтті. Осы тарихи трилогия негізінде «Көшпенділер» атты көркем фильм­де Әбілқайыр ханның зор, тарихи бейнесін сомдаған айшықты сахна шебері Тұңғышбай Жаманқұлов: «Өзіме дейінгі ұлттық сахна мен кино өнеріндегі төрткүл дүниеге танымал аға ұрпақтан алған мол тағылымдар мен шығармашылық шеберлікке сүйене отырып, ұлтымыздың ұлылары мен халқым деп қамыққан хандарының бейнесін өнер дүниесіне әкеліп, басты рольдерді ойнау– маған бұйырылған үлкен бақыт деп білемін», – деді.

Бұл фильм қазақ халқының тарихи өмір белестерін, қазақ хандығының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күресін, хандық дәуір кезеңіндегі аласапыран қоғамдық қайшылықтың тарихи болмысын бейнелеген. Қазақ кино өнерінің көрнекті тұлғасы Тұңғышбай әл-Тарази осы фильмді түсіру барысында болған қиын да қызықты есте қалған сәттермен ой бөлісті. «Көшпенділер» көркем фильмінен үзінді көрсетіліп, оқырмандарды қызықтырып жүрген түрлі сұрақтарына жауап берді. Әдеби-сазды портрет кешінде А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінің өнерпаздары керемет күйлер орындап, оқырмандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Ілияс Есенберлиннің құнды тарихи шығармалары, әдеби мол мұрасы бүгінгі мыңдаған қазақ оқырмандары үшін ескірмейтін рухани құндылық, асыл қазына болып қала беретініне сеніміміз мол.

Сағын ИМАНБАЕВА

http://www.turkystan.kz/kz/articles/view/64014