«Антигептил» қозғалысының мүшелері бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына талап арыздары жазылған хат тапсырды.
Хатта белсенділер Назарбаевтан 2015 жылдан бастап Байқоңыр ғарыш айлағынан ресейлік «Протон» зымыранын ұшыруды мүлдем тоқтатуын, 2007-2013 жылдары «Протон» апаттарының тұрғындар денсаулығына тигізген әсері, зиянын жан-жақты тексеру, бағалау шараларын іске асыру жөнінде денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне, энергетика министрлігіне тапсырма беруін талап еткен.
Қозғалыс өкілдері кезектен тыс президент сайлауына кандидат Назарбаевтан сайлау алды саяси платформасына қоршаған ортаның тазалығын сақтау мен халық денсаулығын қорғау жөніндегі нақты саяси ұстанымын айқындап, халық алдында уәде беруді талап еткен.
Хаттың бір-бір көшірмесі премьер-министр кеңсесіне, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне, энергетика министрлігіне, инвестициялар және даму министрлігіне де тапсырылды.
Бұл қозғалыс 2013 жылы шілде айында, Байқоңырдан ұшырылған ресейлік «Протон-М» зымыран-тасығышы апатқа ұшырағаннан кейін құрылған. Ұйым содан бері Қазақстанда зиянды гептил отынын пайдаланатын ресейлік зымырандарды ұшырмауды, Қазақстан аумағындағы Ресей әскери-жаттығу полигондарын жабуды талап етіп, бірнеше акция өткізген.
Бүгін Байқоңыр ғарыш айлағынан «Протон-М» зымыраны тағы ұшырылған. Зымыран ғарышқа ресейлік «Экспресс-АМ7» байланыс спутнигін алып ұшты.
http://www.azattyq.org/archive/news/20150319/330/330.html?id=26908809