Президенттікке үміткер Әбілғазы Құсайыновтың аймақтық штабы сайлаушылармен белсенді жұмыс жүргізуде.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттың Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы сенімді тұлғалары оның сайлауалды тұғырнамасы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үгіт материалдарын таратумен айналысады.
Оңтүстік Қазақстан облысында 19 сенімді тұлға бар. Оның бәрі алдағы сайлау жұмыстарына қызу дайындалып жатыр. Үгіт-насихат материалдарын таратып, плакаттар мен үнпарақтарды іліп, ауылды жерлерде билбордтар орнатуда. Тағы бір мәселе – кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын насихаттау. Белсенділер үгіт-насихат науқанының заңға сәйкестігін қатаң бақылауда ұстайды.
ҚР Президенттігіне үміткер Әбілғазы Құсайыновтың сенімді тұлғасы Айгүл Бекбосынның айтуынша, штабта үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Шымкент қаласында 2 билборд орнатылды. Жергілікті атқару органдары белгілеп берген аудандар мен қалаларда үгіт-насихат материалдары, плакаттар ілініп жатыр.
Кандидаттың Ақтөбе облысындағы сайлауалды штабында 16 сенімді тұлға жұмыс істейді. Оның үшеуі Ақтөбе қаласында, қалғандары аудандар бойынша белсенді үгіт жұмыстарын жүргізуде.
Қалада арнайы бөлінген жерлерге кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы жазылған 2,5 мың бағдарлама ілінді. Тұрғындар арасында 150 үнпарақ таратылды. Сондай-ақ облыстың бірқатар аудандарына үгіт материалдарын жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
ҚР Президенттігіне үміткер Ә.Құсайыновтың аймақтық штабының өкілі Н.Дуля атап өткендей, қызметкерлер барлық тиісті жұмыстарды орындап жатыр. Яғни, Ақтөбеде қажетті ақпараттың бәрі қолжетімді.
Жалпы алғанда, ҚР Президенттігіне үміткер Ә.Құсайыновтың сайлауалды штабтарында жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр.