АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«ABAI BOL!»: кәсіпкерлер Абай Құнанбайұлына «маска таққызып» қойды[:]

[:kz]

Әлемді түгел шарпыған індеттен қазақтардың АБАЙ болуы керектігін ескерту үшін идея авторларының АБАЙ бабамыздың бейнесін қорлағаны ыңғайсыз-ақ.

Коронавирус өршіп, Қазақстан әлемдегі 30 елдің қатарына экономикасының дамуы емес, індетті ауыздықтай алмауы жағынан кіріп жатқан аумалы-төкпелі шақта жеке кәсіпкерлер де «заманына қарай амалын» жасап бағуда. Мысалы, Instagram әлеуметтік желісінен ашылған by_qazaq_brand атты жаңа парақшада «ABAI BOL!» деген атаумен ұлы ақынның бейнесі бедерленген киімдер жарнамаланып жатыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«ABAI BOL!» футболкасын алғашқылардың бірі ретінде @nurtazinaa алды. Ол енді біздің бренд-амбассадор! Сізде де осы футболка болғанын қаласаңыз, тапсырыс беріңіз! Айтпақшы, 7% жеңілдік өз сторисіне бөліскенге бұйырады!» депті жаңа кәсіпті нәсіп етуді көздеген азаматтар.

Бұл ретте, аталған киімнің екі-ақ концепциясы бар екен. Оның біріншісі – «Абай Құнанбаев сияқты бол! Ұлы тұлғаның 175 жылдығын атап өту біз үшін мәртебе!», ал екіншісі – «Байқап жүр, әлеуметтік қашықтықты сақта, маска ки, ауруды жұқтырма/жұқтырып алма!» деген мағына беретін көрінеді.

«Жуырда! Біз ұлы заманды бастаймыз!» деп қояды одан әрі, Абай Құнанбайұлының бетіне қазіргі медициналық масканы тағып, оны заманауи бренд етпекші болғандар.

Бәрін айт та бірін айт, әлемді түгел шарпыған індеттен қазақтардың АБАЙ болуы керектігін ескерту үшін идея авторларының АБАЙ бабамыздың бейнесін қорлағаны ыңғайсыз-ақ. Әйтпесе, олардың маска арқылы ешкімге Абайдай дана бол деп отырмағаны түсінікті. Биыл ұлы данышпанның 175 жылдығы мен COVID-19 пандемиясы қабаттасып кеткенін меңзеп, «бір оқпен екі қоян атып алдық» деп ойласа да, бұл шалағай бастаманы ақылға сыймас асығыстықтың салдары дер едік.

Иә, Абайдың 175 жылдығы пандемия тұрмақ, 80 жылдықтағы отшашудың да тасасында қалып қойған. Сол 80 жасқа толған мерейтой иесінің бейнесі де футболкаға бедерленгені мәлім. Бірақ, медициналық маскасыз. Қызық…

 

[:]