АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Адамдар күледі…»: Шымкенттік жүк тасушы жігіт орысша сөйлегені үшін күлкіге қалған[:]

[:kz]

Жүк тасушы шымкенттік жігіт орысша сөйлеп видео түсіріп, танымал болды. Орыс тілінде сөйлегені үшін ол көпшілікке мазаққа қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Астарлы ақиқат» бағдарламасына сілтеме жасап.

«Мен Шымкент қаласы Қазығұрт ауданы, Ақбас ауылының жігітімін. Жасым он тоғызда. Базарда тәшкі сүйреп жүргенде маған бизнес жасау ойыма келді. Бұл видео сол мақсатта түсірілген болатын. Ал видеоны түсірмей тұрғанда мен Ахметбек Нұрсила ағамыздың «Бизнес бастау кәсіпкерлік мектебінде» курсына қатысқанмын. Сол жерде маған тапсырма берген еді. Видео солай түсірілді», – дейді Шыңғыс. 

Шымкент қаласындағы жол-көлік колледжінде оқитын Шыңғыс негізі орыс тілінде мүлдем сөйлемейді екен. 

«Бұл мәтінді толығымен өзім жазып шықтым. Таныс жігіттерге орысша аудартып алдым. Мен орысша үш пайыз ғана білемін. Бұл видеоның қазақ және орыс тілінде нұсқасы бар. Бірақ орысшасы танылып кетті. Бұл видеоны түсіргенде орысшам керемет деп ойладым. Негізі бұл салада көпшілігі орыстілділер. Видеоны жазып біткен соң таргет жарнамасына жібердім. Қарасам, ертесінде туыстарым «не істеп жүрсің?» деп жаза бастады. Сөйтсем, мұны инстаграмдағы бір паблик салған екен. Содан тарап кеткен», – дейді шымкенттік жігіт.

Бір күнде танымал болып кеткен оны жұрт мазақтай бастаған. Тіпті соның кесірінен Шыңғыс депрессияға ұшыраған.

«Адамдардың барлығы күлді. Депрессияға түсіп кеттім. Орысша бірдеңе деші деп мазалай бастады. Бірақ кейіннен «Мен Қазақстанда жүрмін. Орысша сөйлей алмасам не болыпты. Өз жұмысымды жасай берем» деген шешімге келдім. Шынымда айтайын, орысшадан қиналамын. Ұзақ сөзді айта алмаймын. Қазақ тілін де дұрыс сөйлей алмаймын. Өйткені кішкентай кезімде ит тістеп, содан тілім тұтығып шығады», – дейді Шыңғыс.

[:]