АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Әділбек Жақсыбековтің ұлының Манхэттендегі бір үйі[:]

[:kz]

Қазақстан шенеуніктері мен олардың отбасы мүшелерінің нендей дүние-мүлкі бар екенін қазақстандықтардан гөрі шетелдіктер жақсы біледі. Өйткені Батыс елдерінің көпшілігінде дүние-мүлік, пәтер мен бизнес  жөніндегі ақпарат ашық.  Біз Нью-Йорк қаржы департаментінің тұрғын үйді тіркейтін қалалық регистрі сайтын ақтарып отырып, Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВТІҢ ұлы Дәурен ЖАҚСЫБЕКТІҢ Манхэттендегі пәтерін тауып алдық.

Президент әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі, зейнетке шыққан  Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВТІҢ ұлы Дәурен ЖАҚСЫБЕКТІ көпшілік  «Цесна» корпорациясының акционері, бизнесмен ретінде біледі.  Қазақстандық Forbes рейтингісі бойынша, елдегі ең ықпалды 50 бизнесменнің тізіміне кіретін 41 жастағы Дәурен Жақсыбектің дәулеті 700 миллион долларға  бағаланады.

Нью-Йорк қаржы департаментінің тұрғын үйді тіркейтін қалалық регистрі сайтына қарағанда, Дәурен ЖАҚСЫБЕКТІҢ Нью-Йорктегі Манхэттен ауданында 2 Columbus Avenue, 6D мекенжайында пәтері бар. Тіпті пәтер Дәурен Жақсыбектікі екенін растайтын құжаттар қоса тіркеліпті. 2003 жылғы 19 қыркүйекте Д.Жақсыбектің қолы қойылып, нотариалды түрде рәсімделіп, Нью-Йорк қалалық регистрде ресми тіркелген құжатта Д.Жақсыбек бұл пәтерді өзіне-өзі сыйға тартушы ретінде көрсетілген. Құжатты бұлайша толтыруға Д.Жақсыбектің фамилиясын ауыстырғаны негіз болыпты.

«Бұл келісім 2003 жылы 3 шілде күні бұған дейін Дәурен Жақсыбеков болып келген Дәурен Жақсыбек (сыйға тартушы) мекенжайы 2 Columbus Avenue, Apartment 6D, Нью-Йорк, Нью-Йорк 10019 және 2 Columbus Avenue, Apartment 6D, Нью-Йорк, Нью-Йорк 10019 мекенжайында тіркелген Дәурен Жақсыбектің арасында жасалған», – делінген құжатта.

Қысқасы, Дәурен Жақсыбек сол уақытта фамилиясын ауыстырғандықтан, осы құжат арқылы Манхэттендегі пәтерін өз атына қайта тіркеген. Қалалық регистр сайтында бұл пәтерге қатысты басқа ешқандай құжат табылмағанына қарағанда, пәтерге әлі де Д.Жақсыбек иелік етеді.

Құжатта пәтер құны көрсетілмегендіктен, біз жылжымайтын мүлік агенттіктерінің сайттары арқылы пәтердің қанша тұратынын тексеріп көрдік. Zillow.com сайтына сенсек, Манхэттендегі Линкольн алаңында орналасқан фешенебельді тұрғын үйдегі бұл пәтердің аумағы 118 шаршы метр,  екі жатын бөлмесі, екі ваннасы, фойе мен галлереясы бар. Бұл пәтерді жалдау ақысы айына 6 мың долларға тең.  Zillow.com сайты бұл пәтерді шамамен 2 миллион долларға бағалапты.

Айта кететіні, Д.Жақсыбек 2000 жылы Вашингтондағы American University оқу орнын тәмамдап,  «Бизнес әкімшілік. Халықаралық қаржы және маркетинг» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған. Ал 2002 жылы Нью-Йорктегі  New York University оқу орнын аяқтаған. Д.Жақсыбек Манхеттендегі пәтерді Нью-Йоркте оқып жүрген шақта сатып алған болуы мүмкін. 2000-2003 жылдар аралығында Д.Жақсыбек Нью-Йорктегі RZB Finance LLC компаниясында жұмыс істеген.  

Д.Жақсыбек фамилиясын ауыстырғанға байланысты пәтерді өз атына қайта рәсімдеп жүрген уақытта оның әкесі Әділбек Жақсыбеков индустрия және сауда министрі қызметін атқарды. Ал одан ертерек, Д.Жақсыбек Вашингтон мен Нью-Йоркте оқып жүрген жылдары, 1997 жылдың желтоқсаны мен 2003 жылдың маусымына дейін  Ә.Жақсыбеков Астана қаласының әкімі қызметін атқарған.

Фотолар ғаламтордан алынды.

Жас Алаш 

 

[:]