[:kz]
Сол жердің әкімі болса керек, сырт киімімен тұрған бір ер кісі қолындағы микрофонмен айқайлап, тойшыл қауымды таратуға тырысуда.
Бүгін журналист Абай Қабылша facebook парақшасына «Не дейсіздер? Кімдікі дұрыс?» деген тақырыппен белгісіз бір өңірдегі үйлену тойынан видео жариялады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Елімізге әлемді дүрліктірген ауыр дерт жетіп, соның салдарынан билік барлық ойын-сауық, той-томалаққа тыйым салып жатқанда, әлдебір қазақ отбасы тойханада дүркіретіп үйлену тойын жасап әлек. Сол жердің әкімі болса керек, сырт киімімен тұрған бір ер кісі қолындағы микрофонмен айқайлап, тойшыл қауымды таратуға тырысуда.
«Тамақтың барлығын қолдарына ұстатып-ұстатып жіберіңіздер! Тез-тез қимылдаңыздар, ағайындар! Қане, тұрамыз! Ағайындар, тараңыздар! Болмайды, болмайды…», — деп бір сөзін бірнеше рет қайталап, шыр-пыр етеді, «шақырылмаған қонақ». Ал оған құлақ асып, тырп еткелі отырған жұрт байқалмайды. Керісінше, үлкендер жағы ағайынгершілікке салып, «тойдың шырқын бұзбауға» шақырған сыңай танытты.
Бұл көріністі көрген желі қолданушылар «Тәртіп пен жауапкершілік жоқ жерде даму болмайды», «Бейқам халық. Біле тұра тойлағаны несі?», «Дұрыс. Ескертіп айтты. Жауапкершілікті сезіну керек қой. Әлі бейғам. Құдай сақтасын дейді де істей береді» деп той иелерін айыптауда.
[:]