АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz] Айдос Сарым Досым Сәтпаевқа шүйлікті[:]

[:kz]

 

Айдос Сарым Astana HUB талдау мектебінде сөйлеген сөзінде Досым Сәтпаевқа шүйлікті. Мәжіліс депутаты саясаттанушыға «нақты істермен» айналыспайынша, “мылжың” болып қала беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Сен баласың ба, кімсің? Өзі сынап жүрген адамдармен екі күн отырып, құжаттармен жұмыс істеп көрсін. Сол кезде оны «жігіт» деуге болады, ал әзірге ол «мылжың»,— дейді депутат.

Ол саясаттанушының жақсы сын айтатынын айтты. Бірақ сын айтпай тұрып, өзі бірінші сол ортада болып көру керек деп санайды.

“Досым Сәтпаев — біздің досымыз. Оның бір ғана трагедиясы бар. Өмірінде бірде-бір күн мемлекеттік қызметте жұмыс істеп көрмеген. Ол содан саналы түрде қашады. Біз Досымды мәжбүрлеуіміз керек”, — дейді Айдос Сарым.

Депуттатың бұл сөзіне Досым Сәтпаев өзінің Facebook парақшасында жауап берді. 

“Саяси түрлендіру жұмыстарының шебері болып жүрген адам маған “жігітсің бе, тек қана сын айтуды ғана білесің” деп жатыр. Айдос! Сен екеуміздің нағыз “жігіттің” кім екені туралы түсінігіміз әртүрлі (ақыры көшеде айтылатын сленг сөздерге көшкен екенсің). Мен үшін нағыз жігіт, нағыз ер біреудің арқасында өмір сүріп жүргендер емес, ештеңеге қарамастан өз ойын қоғамның алдында ашық және жария түрде айта алатындар. Біреудің айтқанымен желбағар сияқты әр сөзін әр жерге бұрмалайтындар емес. Мен өскен Алматының аулаларында осы қағида сақталатын және мен осы қағидаларды ұстануға тырыстым”, – дейді саясаттанушы. 

Сәтпаев «жігіт» сөзі бұл депутаттық төсбелгі секілді күртешеге іліп қоюға болатын медаль емес екенін айтады.

“Сондықтан сен үшін мағынасы жоғалып кеткен сөздерді қалай болса солай қолданудың қажеті жоқ. 

Ал егер шынымен мылжыңдарды тапқың келсе, онда алдымен айнаға қара, ал сосын билік жүретін дәлізбен жүрсең, бірнеше жылдар бойы елді салық төлеушілердің есебінен жарқын болашаққа жеткізуге уәде берген, бірақ оның орнына елді құрдымға жібергендерді көресің. 

Ал нағыз жасалатын істерге келетін болсақ,  менің саясаттанушы ретіндегі жұмысым – бұл біздің саяси жүйенің кемшіл тұстарын ашып қана қоймай (біреуге ұнасын, ұнамасын), оларды бейтараптандыру үшін ұсыныстар білдіру. 

Мен мұны көптеген жылдар бойы (сен мұны жақсы білесің) өз посттарым арқылы, YouTube жобаларым мен кітаптарым арқылы жасап келдім. 2019 жылы дәл осы «жаңа Қазақстанды» жасағысы келетіндер үшін шығарылған «Деформации вертикали» кітабын жаздым”, – деп жазған саясаттанушы. 

Сондай-ақ Сәтпаев бұл сынның Forbes.kz cайтының YouTube каналына берген соңғы сұхбатына байланысты екенін айтады. 

“Сенің оқыған адам екеніңді білсем де, Денис Дидроның: «Шындық сынды жақсы көреді, ол одан тек қана пайда көреді; ал өтірік сыннан қорқады, өйткені ол одан ұтылады» деген сөзін тағы бір есіңе салғым келеді”, – деп аяқтайды сөзін саясаттанушы. 

[:]