АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]»Айғақтардың бәрін құртып жатыр»: Ақтөбе облысында шошқа фермасының жұмысшылары мен тұрғындар төбелесіп қалды[:]

[:kz]

 

 

 

Ақтөбе облысында шошқа фермасына қатысты дау әлі жалғасып жатыр. Ферманың жабылуын талап еткен ауыл тұрғындары мен жұмысшылар жаға жыртысып қалды. Бестамақ ауылының тұрғындары талпақ танау бағып отырған кәсіпкердің әлі күнге дейін қалдықты далаға ағызып, айғақ заттарды жойып жатқанына қапалы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «КТК» арнасына сілтеме жасап.

Ал ферма жұмысшылары қожалық жабылса, жұмыссыз қаламыз деп қорқады. Онымен қоса кәсіпкер ауыл арасына ет таратып жомарттығын көрсетпек болған. Мұны тұрғындар «ел ішіне іріткі салу» дейді.

 

Алға ауданындағы Бестамақ ауылының тұрғындары таң атпай шошқа фермасының алдына тағы жиналды. Олар кәсіпкердің экологияға қатысты талапты орындамай, тексерушілерден айғақтарды жасырып жатқанына наразы. Шошқа фермасынан шыққан қалдық төгілген құдықтарды көміп, тегістеп жатыр екен. Онымен қоймай бұрынғысынша өзен арнасын бүлдіруді қоймаған. Ал облыс басшылары, тұрғындардың сөзінше, әр он күн сайын комиссияға есеп береміз деген уәдесін бұзыпты-мыс.

«21 күн болды. Біз 24-і күні барғаннан бері содан бері бірде-бір ақпарат, қанша доңыздың басы жойылды, сол берілген жоқ. Сөзінде тұрмады. Олар тіпті топырақ құнарлығын қалпына келтіріп жатыр. Бұның бәрі заңсыздық», — деді Бестамақ ауылының тұрғыны Телеуғазы Есбергенов.

«Ана жаққа ағып жатқан, суға құбыр жасап қойған. Дамбаға, бассейнге ағып жатыр. Бассейінде ешқандай құрал-жабдық жоқ. айғақтардың бәрін құртып жатыр. Ол неге, кім рұқсат берді?», — деді Бестамақ ауылының тұрғыны Нұрбек Жұманғосов.

Наразылығын айта келген ауыл тұрғындарына шошқа фермасының жұмысшылары қарсы шықты. Олар қожалық жабылса, жұмыссыз қаламыз деп қорқады. Қос тараптың айқайы жұдырықтасумен аяқталды. Оларды сол жерге келген тәртіп сақшылары ажыратып алды.

«Жұмысынан айрылудан қорқатын адамдар шықты. Қазір Ақтөбе облысында жұмыс табу қаншалықты қиын екенін барлықтарыңыз жақсы білесіздер. Жалпы Қазақстанда солай», — деді мал шаруашылығы кешенінің қызметкері Петр Мурашкевич.


Бестамақ ауылының тұрғындарын шошқа фермасы қожайынының қылығы да ашындырып отыр. Дау шыққан бойда бизнесмен ауыл арасына ет таратып, жомарттық танытпақ болған. Соның кесірінен мұндағы жұрт екіге бөлінді деп ашынады.

«Еттерін таратып, іріткі салып жүр. Міне, халық деген тіпті екіге бөлініп жатқан сияқты бір ауыл ішінде. Айтарға сөзім жоқ», — деді Бестамақ ауылының тұрғыны Гүлнәр Айтжанова.

Шошқа асырап, қалдығын ауыл іргесіне төккен кәсіпкерге жеті миллиард теңге айыппұл салынған. Бірақ оны әлі төлемепті. Қазір жерді бүлдіріп, экологияға залал келтіргені үшін ісі сотта қаралып жатыр.

«Айғақ заттарды жойғызбаймыз», — дейді шенеуніктер.  

«Тегістеп тастап жатыр деген жерлердің барлығы, қанша тегістеп жасаса да, бәрібір ол қазылып алынады. Сараптама орталығы келгеннен кейін осы жердегі бастамашыл топтың адамдарын қасына біріктіріп, тексеріп, бүкіл осыған дейінгі экологиялық, жер инспекциясының, ветинспкцияның тапқан кемшіліктерін қайта тексереді», — деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов.

Бестамақтықтар шошқа фермасын мүлдем жауып тастасын деген талап қойып отыр. Әйтсе де талпақ танау орына төрт түлік мал бағатын болса, келісетінін айтады. Енді қожалықтың алдағы жайын сот шешеді.

Еске салайық, желіде Алға ауданының Бестамақ ауылында болған оқиғаның видеосы тараған. Кадрларда тұрғындар жергілікті шошқа кешенінің қалдықтары өзендерге төгіліп жатқанын айтты. Бұл жағдайға Ақтөбе облысы әкімдігі түсініктеме берді.

Кейін жергілікті тұрғындар шағымынан кейін шошқа фермасына көлемді айыппұл салынды.

[:]