АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Айгүл Иманбаева: Әкемнің екінші некесінен туған қызы бар екен[:]

[:kz]

Осыдан бірнеше уақыт бұрын әкесіне қоңырау шалып кешірім сұраған Айгүл Иманбаеваның қадамын құптаушылар да, түсінбеушілер де көп. Бірі-оны хайп десе, өзгесі — батылдыққа балауда. Ал, әртіс әкесімен кездесті ме? Бұл да хайптың бір тәсілі ме? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Иманбаева ханымға хабарласып, сұхбат алды.

— Айгүл ханым, қалыңыз қалай? Алғашқы сұрақты карантиннен бастайықшы. Сізге қаншалықты және қалай әсер етуде? Үш плюс, үш минус жағын айтып бере аласыз ба?

 

Енді бұл нәрсе сынақ қой. Жер-Анада негативті қанша көтеріп тұра береді. Бір сәт адамдар тоқтап ойланып, ынсапшылдықтан тыйылып, тәубеге келу үшін берілген сынақ деп ойлаймын. Бір плюсі күндіз-түні ағайын-тума,  ата-ананың, бала-шағаның қасында болып, махаббатына шомылып, көбірек жылы сөз айтып, көңіл бөлудеміз. Екінші плюсі: бір сәт өз-өзіңе есеп беру, өз-өзіңді дамыту. Мысалы, осы карантинде мен алты кітап оқып, бірнеше тарихи сериалдарды қарап, ағылшын тілімді дамытудамын.

Үшінші плюсі: 22 жыл бойы асүйге кірмеген адам біраз тамақ пісіріп, өзімнің асүйдегі икемімді дамыттым. Ал, енді үш минус жағы дейтін болсақ, Нұр-сұлтан қаласында Өнер Университетінде курсым бар,  одан бөлек АИ академиясының кішкентай шәкірттерім бар.  Солардың сабақтарының барлығы онлайн өтуде. Осы маған қиындық туғызып жүр.  Өйткені шығармашылық жұмыстың барлығын онлайн өткізу өте қиын. Оның үстіне менің шәкірттерім биыл диплом алу керек.Тура диплом қорғайтын сәтте бұл тіпті қолайсыз. Қазір мен Алматыға мамамның қасына келдім. Жер үйде тұрамыз. Алайда бәрібір спорт жағы қалып кетті. Нәтижесінде салмақ қосып жатырмыз. Бұл кез-келген өнер адамы үшін үлкен  минус. Үшінші минус, ол графиктегі өзгеріс. Өзімнің жеке басымда күн мен түн ауысып кетті. Түнде жұмыс жасаймын, түске дейін ұйықтаймыз. Бұл да бір карантиннің бізге тигізген залалы.

— Сізге қоғамдағы кризис, тапшылық қаншалықты сезілуде? 

Бұл жалпы менің басымдағы мәселе емес. Әлемдегі экономикалық кризис енді басталады деп жатыр ғой. Мұндай жорамалдарға сеніп, байбалам салып, қорқа беруге болады. Алайда, мен психологиялық тұрғыда «ойбай кризис, ойбай қиындық»деп уайымдап жүрген жоқпын. Себебі, АЛЛА ТАҒАЛА саған өлшеп берген несібеңді жемейді, кемітіп қоймайды. Иә, әлемдік халықаралық кризисті бәрі де бастан өткереді. Халықпен көрген ұлы той. Бәрін бірге көреміз деп ойлаймын.


— Әдетте өнер адамдары тойдың жарты ақшасын алдын ала алып қояды. Карантин уақытына сай өтпеген тойлардың гонорарын қайтарып бердіңіз бе? Әлде басқаша келісім болды ма? 

Сәуір айының басында бір той болу керек еді. Алдын ала ақшасын да алып қойған едім. Бірақ мен қайтарып беремін дедім. Кейбір тойларым кейінге шегерілді. Мен бұл нәрсеге бірқалыпты сабырлы қарадым. Яғни, солай болу керек, оның да бір хайыры бар деген түсінікпен өмір сүретін адаммын. 

— Алғаш ұстаған Оразаңыз есіңізде ме? Қашан қалай бастаған едіңіз? 

Мен ес білгелі марқұм әжем де, анам да Ораза ұстап келеді. Алғаш рет 5-сыныптан бастап ұстадым. Арасында әрине, денсаулыққа байланысты ұстамаған кездерім болды. Бірақ биыл ауыз бекіттім. Мен жылда Қадір түнін мешітте қарсы алғанды жақсы көремін. Биыл ондай күн бола ма, жоқ па Аллаға мәлім. Алланың нығметі ешқашан таусылмайды ғой. Мен Оразада барлық ғажапқа сенемін.

— Өткен бір сұхбатыңызда әкеңізбен байланыс туралы естіп, біраз көңіл толқыды. Меніңше маған ғана емес, біраз адамға әсер еткен шығар. Әкеңізбен кездестіңіз бе? Сонша жылдан кейінгі кездесу қалай өтті? 

Иә, мен әкеммен кездестім. Барлық тумаларым Батыс Қазақстанда тұрады ғой. Соңғы жеті жылда барлық ағайын-тумамен араласамын. Әкеммен бір бауырымның тойында татуласып, керемет араласып жүр едік. Алайда «Айтылмаған әңгіме» деген бағдарламадағы сұхбаттың дұрыс монтаждалмай қалуынан арамызда түсінбеушілік орнады. Аман Тасығанға рахмет, өзінің бағдарламасына шақырып, ойламаған жерден, ешқандай сценарийсіз әкеме телефон шалдырды.  Өзім де сағынып жүр едім. Дәл сол 2-3 минутта телефон соғып, артынша АЛЛАНЫҢ ҚҰДЫРЕТІ ғой ертесіне әкеммен кездестім. Керемет кездесу болды. Көз жасымды рахаттанып шығарып алып, мауқымды басып, кешірімді сұрап, жаңа өмірді бастадық. Алла қаласа әкем 22 мамырда 70 жасқа толады. Әкемнің екінші некесінен бір қыз бар. Сол бауырыммен кездесетін күнді асыға күтіп жүрмін. Әкенің махаббатын, әкеге деген сағынышты сезіну үшін де осыншама жылдар керек болған шығар. Ішімдегі сезімді сөзбен айта алмаймын. 

— Кей әріптестеріңіз бұл да бір хайп. Жеке өмір, қарым қатынас өз үйіңде қалу керек дегендей сынап жүрді. Қаншалықты келісесіз? 

Өнерге келген адамның бәрінде арқа бар дейді. Бірақ өре әртүрлі дейді. Әркім өзінің өресінің жеткен жеріне дейін әңгіме айтады, өресінің жеткен жеріне дейін ойлайды. Әкеммен арамыздағы әңгіме болса ол ешқандай да хайп емес. Бұл — өмір. Көп жағдайда «хайп» деп сынайтын әншілерге трендте болмауы, атының көп шықпауы әсер ететін шығар. Солай біреуді сынау арқылы өздеріне назар аударуға тырысатын шығар. Көпшіліктің алдында хайпсыз жүру үшін талант керек, еңбек керек, білім керек. Осының бәрін ұштастырған адам әрдайым трендте болады. Аты ешқашан өшпейді. Бұл менің жеке пікірім.

— Әлеуметтік желі сізге қаншалықты табыс әкелуде? Арнайы мамандармен жұмыс жасайсыз ба? 

Әлеуметтік желі табыс көзінің бірі ғой. Иә, менің менеджерім бар. Жарнамаға, әртүрлі ұсыныстарды қабылдап, сараптап, келісімшартты жүргізіп отырады.

— Саясатқа қаншалықты қызығасыз?  Болашақта биліктің бір мүшесі болуыңыз: депутат, саясаткер т.б мүмкін бе? 

Мен саясаттан тыс қалмауға тырысамын. Әлемде, елімізде болып жатқан барлық мәселелерді оқып-біліп отырамын. Билік басына талпынып, билікке барайын деген мақсат ешқашан болған емес. Бірақ қоғамның бір мүшесі ретінде өзімнің өнерімнің үлес қосуға қарсы емеспін. Саясаткер болу менің бағытым емес. Алайда өнердің айналасында қызмет жасау мүмкіндігі туса еш қарсы болмаймын. Бірақ оған әлі уақыт керек шығар. 

— Ұлыңызбен қаншалықты сырласасыз?Және келін мәселесін талқылап көрдіңіз бе? Қандай қыздар ұнайды? 

Ұлым екеуміз бір «волнадамыз». Көп сырласып, сөйлесеміз. Соңғы уақыттары келін, отбасын құру туралы әңгімені жиі айтып жүрміз. Мен әрдайым «өзің сүйген, ғашық болған адамға үйлен. Бірақ шыққан тегіне мән бер. Әсіресе, анасының тәлімі мен тәрбиесіне қара» деп айтып отырамын. Себебі, «анасын көріп, қызын ал. Ыдысын көріп, асын іш» деген мақал бекер емес деп білем. Меніңше, болашақ келінім маған ұқсайды. Мен солай ойлаймын. Себебі, кез-келген ұл бала анасына ұқсайтын қызды іздейді ғой.

-Болашақта өзіңізді қандай ене ретінде көресіз? 

Көкірегіміз ояу, көзіміз ашық адамдармыз. Әрине, қазақи салт-дәстүрлі ұстанамын. Мүмкін білгенімді айтып, бағыттайтын шығармын. Бірақ, олардың шекарасына кіріп, екеуінің арасына түспесім анық. Мен сондай ене боламын.

— Соңғы сұрақ: аса таяғыңыз болса өмірде нені өзгертер едіңіз?

Адам өзгерісті өзінен бастау керек. Сол кезде бәрі өзгереді. Кешке дейін мемлекетті жамандап, жетістікке жеткен адамды күндеп немесе тек негативті ойлап жүретін адам ешқашан да көгермейді. Мен соны анық білемін. Қуана білмегенге құт қонбайды деген керемет сөз бар. Әр нәрсеге қуана білу керек.  Миды да, ойды да, жүректі де, тілді де, қадамды да тап-таза оймен, позитивпен жасау керек. Әр адам өзін өзгертсе, өзімен күрессе әлемді өзгерте алады. 

[:]