АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Айнұр ақынның пентхаусын бес балалы отбасы ұтып алды[:]

[:kz]

газетінің өткен нөмірінде «Айнұр ақынның 100 миллион теңгелік пентхаусын кім ұтып алар екен?» деген тақырыпта мақала жариялаған болатынбыз. Онда айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның басты жүлде ретінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзенінің жағасында орналасқан 6 бөлмелі пентхаусын ұтысқа қойғанын, ойынға қатысушылар үшін бағасы 7000 теңге болатын «Айнұрдың мотивациялары» атты кітабы сатылымға шыққанын жазған едік.

Жуырда сол пентхаустың иесі анықталды. Оны ұтқан шымкенттік Бибінұр Тапаева есімді келіншек екен. Бес балалы отбасының пәтер жалдап жүргендеріне он екі жылға жуықтапты. Бибінұрдың өзі балабақшада тәрбиеші, ал күйеуі Айдарбек қарапайым жұмысшы көрінеді.

Бибінұрдың өзі әу баста ұтыс нөмірі жазылған кітапты әкеме немесе қайын атама қажылыққа жолдама ұтып алып беремін деген ниетте сатып алған екен. Ойын­ды онлайн бақылаған Бибінұр қажылыққа билет ойнатылып бол­ған соң «түк те ұтпадық қой» деп көңілі түсіп, тікелей эфирді соңына дейін қарамапты. Ал менеджер қыздар Бибінұрға хабарласып, Елордадан пентхаус иеленгенін айтып, сүйінші сұраған кезде: «Менің негізі қажылыққа жолдама ұтып алғым келіп еді…» – деп аяқ астынан не айтарын білмей абдырап қалған көрінеді.

Көпке үміт сыйлаған бұл ойын Нұр-Сұлтан қаласындағы «Думан» қонақүйінде жеті сағат бойы өткен. Залда 3 мыңға жуық адам отырыпты. Одан бөлек ұтысты «Іnstagram» желісіндегі тікелей эфир арқылы 40 мыңнан астам көрермен бақылаған.

Айнұрдың ұтыс ойынында пент­хаустан басқа он адам Ұмра қажылығына және төрт адам Стамбулға жолдама алған. 100 адам домбыра иеленген. Сондай-ақ ақшалай сыйлықтардан бес адам 100 мың теңге, тағы да бес адам 50 мың теңге, елу адам 20 мың теңге, жүз адам 10 мың теңге, екі жүз адам 5  мың теңгеден ұтыпты. Тек бұл ғана емес, Айнұрдың жүлделерінен бөлек залдағы жиналғандарға оның құрбылары да ұтыс тігіп, бас-аяғы 1000-ға жуық сыйлық ойнатылыпты.

Пентхаусты иеленген отбасы сол күннің ертеңіне-ақ Нұр-Сұлтан қаласына келіп, өздері ұтып алған шаңырақта отырып, нотариус ар­қылы құжаттардың барлығын өз аттарына аударды. Мұны Айнұр ханым желідегі парақшасында тікелей эфир арқылы көрсетті. Онда айтыскер ақын үйдегі барлық жиһаздарды сонда қалдыратынын, сонымен қатар қараша және желтоқсан айларының коммуналдық төлемін де өзі толық төлеп кететінін айтты және отандық дизайнердің қолынан шыққан өзінің бір көйлегін Бибінұрға сыйға тартты.

Желідегі пікірлерге қарасақ, көпшілік ұтыстың әділ өткенін, бес балалы отбасы үшін қуанып, көздеріне жас алғандарын жеткізіпті. «Бір отбасыны бақытқа кенелттіңіз» деп Айнұр ханымға алғыс айтушылар да аз емес. Иә, осылайша ойламаған жерден шымкенттік отбасы небәрі 7 мың теңгеге ел астанасының төрінен, Есілдің жағасынан баспаналы болып қалды. Ендеше, бұйырсын дейік!

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Замана 

 

 

 

[:]