[:kz]
Тележүргізуші Айнұр Асанбердіні әлеуметтік желі белсенділері нумеролог ретінде де жақсы таниды. Өзінің парақшасында үнемі керек кеңестер ұсынып отыратын Айнұрдың төмендегі айтқандары да кәделеріңізге жарайды деген сенімдеміз.
«1» санынан басталатын ақшаны жинамау керек
Қарыз алу және беруге қатысты айтарым, «0» саны нумерологияда ештеңе білдірмейді. Ал «1» саны – бәрінің бастауы. Алайда қор жинаймын десеңіз, 10 мың, 100 мың, 1 миллион теңгеден бастамаған абзал.
«2» саны. 200, 20 мың, 200 мың, 2 миллион теңге сияқты ақшаны қарызға бермеңіздер. Қайтуы қиын болады. Сондай-ақ қор етіп жинамаңыздар, ондай ақшаның жаратыла бергені дұрыс. Сол сияқты ақшаны екі банкке салып қою, екі сейфте ұстау да қаржы азаюына себеп.
«3» саны. 30 мың теңге, 300 мың теңге сияқты қаржыны қарызға беруге болады. Қайтымы тез.
Ал «4» саны – тұрақтылық белгісі. Яғни одан құралған 40 мың, 400 мың, 4 миллион теңгені банкке салсаңыз, ол тез көбейеді. Табыс төрт жақтан келіп тұрса, тіптен тамаша!
«5» саны бар ақшаға зат сатып алсаңыз, оның сізге тигізер пайдасы орасан болмақ. Саудада «5» санын жиі қолданыңыз. Затыңыз тез өтеді. Мәселен, бағаны 5 мың, 50 мың теңге деп қойған дұрыс.
Бұл күндері ақша жаратпаңыз!
Тағы бір кеңес: 4, 6-мамыр күндері, 3, 5-шілдеде, 1, 3-қыркүйекте, 31-қазан мен 2-қараша күні, сосын 30-желтоқсан мен 2019-жылдың 1-қаңтарында ақшаға қатысты әрекеттер жасалмағаны дұрыс. Банктен ақша алу, оған салу, қарыз алу, қарызға беру сияқты істерді кейінге шегере тұрған жөн. Ақшаға қатысты келісім-шарттарға қол қоюға болмайды. Бірақ азық-түлік, киім алуға және азын-аулақ сауда жасауға болады. Алайда үй, пәтер, көлік сатып алмаңыздар.
Тұздың пайдасы көп
Үйдегі негативті әсерден арылуға, сондай-ақ тіл-көзден сақтануға кәдімгі ас тұзының (теңіз тұзы да жарай береді) тигізер септігі көп. Ол үшін үйдің төрт бұрышына 1 кило тұзды банкіге салып қою керек. Беті ашық тұрсын. Бір айдан кейін банкісімен бірге тастай салыңыздар. Жалаң қолмен ұстамау керек. Егер банкіні қимасаңыздар, ішіндегі тұзды пакетке салып суға ағызып жіберіңіздер, болмаса оны адам аяғы баспайтын жерге төгіңіздер. Үйде кішкентай балалар болса, тұзды жоғарыға қойған жөн. Ең азы үш күн тұруы керек. Бір ай тұрса, тіптен жақсы.
Ал үйіңізге кіретін есік солтүстікке қарап тұрса, онда 2 литрлік банкіге 1 кило тұз салып, үстіне су құйып есіктің жанына қойыңыз. Ішіне бес теңгеліктен 5 дана және бір 20 теңгелік салыңыз.
Егер су құйылған тұз банкіден тасыса, онда үйіңізде негатив көп дегенді білдіреді. Ондай жағдайда суды ауыстырған жөн. Ал ештеңе болмаса, тұра берсін. Пайдасы болмаса, зияны жоқ.
Мұны дінге қатыстырудың түкке қажеті жоқ. Отқа май құю, үйді адыраспанмен аластау секілді ырымның бірі деп қабылдау керек.
С. ИКРАМҚЫЗЫ
zamana.kz
[:]