[:kz]
ТikTok-та шетелдік хит әуенді орындап танымал болған электрик жігіттің өнеріне қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де сүйсініп жатыр. Бес күн бұрын жарияланған Олжастың видеосын желіде 2,6 миллион адам көріп, 270 мыңға жуық лайк басылып, 7 мыңнан аса адам пікір білдірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олжас Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. Атыраудағы компаниялардың бірінде электр-монтаж бойынша жұмысқа орналасқанына бір айға жуық уақыт болған. Ал танымал болып кеткен видеоны әріптестері туған күн кешінде отырғанда түсіріп алыпты. «Сол күні досымның туған күніне жиналып отырғанбыз. Отырыс көңілді өтсін деп біраз ән айтып едім, бұлай тарап кетеді деп ойламадым. Негізгі мамандығым электр-монтажшы. Әншілік жәй хобби ғана, ағылшын тілін де жетік меңгермегенмін. Мектеп кезінде облыстық, аудандық сайыстарға қатысып тұратынмын, сол кезде айтқан әндер ғой. Бір жылдары қаражат жағынан қысылғанда той-томалақта ән айтқан сәттер болды», — деді Олжас.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
TikTok желісіндегі тараған видеода ол Akon-ның «Smack that» атты өлеңін орындайды. Аталған видеодан кейін Олжасқа түрлі ұсыныстар айтып, жылы лебіздерін жазып жатқан оқырмандар саны көбейген. «Түрлі идеялар ұсынып хабарласып жатқан жігіттер бар. Бірақ анау айтқандай салмақты ұсыныспен шығатындар бола қояды деп ойламаймын (күліп). Дайректтегі хабарламаларды оқып үлгере алмай жатырмын. Көпшілігі менің өнеріме тәнті болғандарын жазған», — дейді өнерлі азамат. Олжас отбасылы, жұбайымен бір жарым жасар қызды тәрбиелеп отыр. «Отбасым бар, кішкентай қызым бар. Ата-анам, екі әпкем бар. Мені қолдап жатқан барша қазақстандықтарға алғысым шексіз! Қазір вахтада жүрмін, шыққаннан кейін біраз адам танып жатса таңғалмаймын (күліп). Оқырмандарымды әлі талай жақсы әндеріммен қуантатын боламын», — деп сөзін қорытындалады желіде танымал болған жігіт.
[:]