АЛТЫНОРДА
Ел жаңалықтары

Ақселеу Сейдімбекке қойылған ескерткіш қайта салынады

[:kz]

Белгілі этнограф, жазушы, әдебиет зерттеушісі, ғалым Ақселеу Сейдімбекке қойылған ескерткішке қатысты Ұлытау облысының әкімдігі түсінік берді, деп жазады «Адырна» ұлттық порталы.

Ұлытау облысының әкімдігі ескерткіш бюджеттің есебінен емес, толығымен демеушілер қаржысына тұрғызылғанын және оған облыстық әкімдік араласпағанын айтты.

«Жаңаарқа ауданында ел азаматы Ақселеу Сейдімбекке арналған ескерткіш ашылды. Өкінішке орай, әрине, көркемдік орындалуы сын көтермейді. Осыған байланысты, аздаған түсінік беру орынды болар. Біріншіден, ескерткіш не облыстық, не республикалық комиссияның қарауынан өткен жоқ! Яғни, бірде-бір құзырлы мемлекеттік орган оны мақұлдаған жоқ. Дегенмен, эскизі ауызша түрде аудан әкімімен келісілген болатын. Екіншіден, ескерткішті жасап, орнатуға бюджеттен бір теңге де жұмсалмаған. Толығымын демеушілердің қаржысына істелген. Үшіншіден, және, ең бастысы, ескерткішті жасауға тапсырысты Ақселеу ақсақалдың туған-туыстары жасады. Облыс әкімдігі бұған араласқан жоқ. Бұл түсініктемені жазудың себебі ақталу емес, бірақ түсінік беру. Енді бұл мәселемен аудан болып, облыс болып айналысамыз, орын алған олқылықты түзетеміз», — деді Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали.

Жаңаарқа ауданының әкімдігі болса ескерткіш тапсырыс берушілерге кері қайтарылып, орнына басқа ескерткіш орнатылатынын мәлімдеді.

«Жаңаарқа ауданы, Жаңаарқа кентінде Ақселеу Сланұлы Сейдімбекке арналып ескерткіш бой көтерген болатын. Бұл ескерткішті Ақселеу Сланұлының інісі Асылхан Сейдімбек өз қаражаты есебінен жасатып, барлық құжаттары дұрыс екендігін жеткізген. Алайда, бүгінгі күні жаңадан ашылған ескерткішке қатысты азаматтар тарапынан бірқатар наразылықтар туындауда. Ақселеу мүсіні менің де көңілімнен шықпады. Осыған орай, ескерткішті тапсырыс берушілерге қайтару туралы шешім қабылданды. Орнына талапқа сай, тұлғаның бейнесіне сәйкес келетін ескерткіш қою үшін тиісті шаралар қолданылатын болады», — деді Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекқожин.

«Адырна» ұлттық порталы 

[:]