[:kz]
«Біз АҚШ-тай алып мемлекеттің мемхатшысын лайықты деңгейде күтіп те ала алмадық. Күтіп алушылар құрметті қонақты қарсы алуда қарапайым ғана қолдарын қалтаға салмай тұру керектігін, амандасқанда бас киімсіз тұруды білмейді».
Кеше АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Қазақстанға екі күнге келген ресми сапарының барысы отандастарымыздың көңілінен шыға қоймады. Мысалы, Ринат Рафхат есімді азамат facebook парақшасында «Келеді, келеді» деп жүрген Помпа ма, әлде Помпео ма, әйтеуір, сол келіпті ғой. Оны танкист Абаев пен «таксистер» күтіп алып тұр» деп мысқылдады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Желі белсенділерінің біразы «алыстан ат терлетіп келген» қонақтың бұл сапарын лайықты түрде бағалай алмағанымызды алға тартуда. Тағы бір жерлесіміз Айжарық Ерали: «Онша менсінбейтін сияқтымыз ғой», — десе, Рахымжан Беков есімді азамат: «Күтіп алуға таксимен келген бе? Бұтта джинсы, үстінде пуховик, екі қол қалтада, таксидің шопыры сияқты», — деп көңіл толмаушылық танытты. Сондай-ақ, Жансая Құрманғалиқызы да «Пампеодан басқасының барлығы да таксист сияқты», — деген солардікімен үндес пікір білдірді.
Бұдан бөлек, «Помпео қамқоршы папамдай көрінді. Себебі, сөздері ұнады. Қытайға қарсы қорықпай айта беріңдер дегендей күш берді. Мықты саясаткер, білікті дипломат екен. Бойында америкалықтарға тән еркіндік бар. Біздің СІМ қағаздан бас көтермей, ежелеп әрең оқыды сөзін. Помпео қағазға өте сирек қарап, көсіліп сөйледі.
Ал біз АҚШ-тай алып мемлекеттің мемхатшысын лайықты деңгейде күтіп те ала алмадық. Күтіп алушылар құрметті қонақты қарсы алуда қарапайым ғана қолдарын қалтаға салмай тұру керектігін, амандасқанда бас киімсіз тұруды білмейді. Сыртқы істер министрі мемлекеттік тілде ойын қағазсыз жеткізе алмайды», — деді Мен Қазақтың Баласы деген бүркеншік есімді желі қолданушысы.
Соған қарамастан, АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео қазақ жерінде тұрып, азаматтық ұстанымын ашық жеткізді. AFP агенттігінің хабарлауынша, ол реті келгенде мемлекеттерді Шыңжаң аймағында қуғын көріп, Қытайдан қашқан этникалық азшылық өкілдеріне пана беруге шақырды.
«Біз Қытайдан қашатындарды қауіпсіз баспанамен қамтамасыз етіп, оларға пана беруді сұраймыз. Адамшылық көрсетіп, дұрыс жасадыңыздар», — деді Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен бірге өткізген баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ол: «Қазақтарға Қытаймен тығыз сауда қарым-қатынасын жасау – аса қауіпті нәрсе. Қытайдың боданы болып кетуі айдан анық. Одан гөрі АҚШ компанияларымен жұмыс жасауы керек», — деп өз мүдделерінің де бір ұшын қылтитып қойды.
[:]