[:kz]
АҚШ Ресейді Украинаның Шығысында шынайы және берік бітім орнатуға бастама болуға шақырды. АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хизер Нойерт Вашингтон Мәскеуге Минск бейбіт келісімі бойынша өзіне алған міндеттемесіне сай, Украинаның Донецк және Луганск облыстарынан ауыр қару-жарағы мен әскерін шығаруды ұсынатынын мәлімдеді.
Нойерт Украина шығысында бір жыл бұрын ЕҚЫҰ-ның арнайы мониторинг жасау миссиясында фельдшер болып жұмыс істеген Джозеф Стоунның қаза тапқанын айтты. Стоунның көлігі ресейшіл күштер бақылайтын ауданда минаға тап болып, жарылған. Жарылыстан Стоунның екі әріптесі жараланған.
«Джозеф Стоунның қазасы миссияның қандай жағдайда жұмыс істейтінін, ресейшіл күштердің оларды күн сайын аймаққа кіргізбей, тықсырып, қоқан-лоқы жасайтынын көрсетеді» делінген Мемлекеттік департаменттің мәлімдемесінде.
Вашингтон арнайы бақылау миссиясын бұдан ары да қолдай беретінін мәлімдеп, Мәскеуді бақылаушылардың қақтығыс аймақтарына кедергісіз, қауіпсіз түрде баруына мүмкіндік беруге шақырады.
.azattyq.org/
[:]