[:kz]
Ақтаулық 15 жасар ерлі-зайыптылардың тойы әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. Бүгін кәмелет жасына толмаған екі жастың некелері ресми түрде қиылмағаны белгілі болды деп жазады Лада басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қалалық АХАЖ бен облыстық мешіт қызметкерлері жас отбасының некелері тіркелмегенін айтты. Жасөспірімдер аталмыш мекемелерге жүгінбепті.
Елімізде 18 жасқа толған соң ғана ресми некеге тұруға рұқсат берілгені белгілі.
Мамандардың айтуынша, кәмелетке толмағандардың жүктілік жағдайында және баланың туылуында рұқсат берілуі мүмкін.
Яғни, заң бойынша, 16 жасында некеге тұруға болады, бірақ одан ерте емес.
Мешіттегілер отбасы құрғысы келетіндерден жеке куәлік талап етілетінін айтты. Бұл құжат 16 жастан бастап беріледі.
Одан бөлек АХАЖ берген неке куәлігін де сұрайды екен. Сондай-ақ, рәсім барысында жұптың ата-анасы мен туыстары болуы шарт.
«15 жастан бастап некені тіркеу мүмкін емес — бұл заңсыз. Осы себепті де аталған жұп бізге келген жоқ», — деді мешіттің бас имамы Сейітбек Смайыл.
Естеріңізге салсақ, 15 жастағы жігіт пен қыздың үйлену тойы Қазнетті шулатқан болатын.
Отандық танымал журналист Гүлмира Әбіқай желіде шу тудырған ақтаулық жас жұбайларға қатысты пікір білдірген еді.
Артынша, Ақтау полициясы кәмелетке толмағандардың видеосын зерттеп жатқанын хабарлады.
[:]