АЛТЫНОРДА
Әлеумет

Ақтөбе облысында ашулы ене келінінің шашын қырып тастады

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында ашулы ене келінінің шашын қырып тастады. Бұл туралы аудандық мәслихат хатшысы Роза Мусенова айтты, деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Роза Мусенованың сөзінше, ауданда отбасын сақтау, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу мақсатындағы жұмыстарды ол өзі бақылауға алған. Қазіргі уақытта күнделікті полицияға түскен арыз шағымдар тексеріліп, әрбір отбасымен жұмыс жүргізіліп отыр. «Бізде енесі келінінің шашын қырып тастаған жағдай да болды. Келін соның бәрін ішінде ұстаған. Енесі біздің көзімізше келінінің аяғына жығылып, кешірім сұрады.

Біз жас отбасын бөлек шығарып көрдік. Бірақ олар бөлек көп тұрған жоқ. Баласы ауырған соң енесінің қолына қайта барды. Отбасын үнемі бақылауда ұстаймыз»,- дейді Роза Мусенова. Ауданда биылғы қыркүйек айынан бастап, отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп тұр. Ол жеті жатын орнымен жабдықталған. Әлеуметтік орталық психологиялық қолдаудан бөлек, медициналық, заңгерлік көмек көрсетеді. Осы уақыт ішінде пана іздеп келген келіншектер болмаған.

Бірақ 7 отбасымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Аудандағы әйелдер ісімен айналысып отырған мамандар көмекке жүгінетіндер арасында ер адамдардың да болатынын жасырмайды. Үй шаруасына қарамай, қырсығып отыратын келіншектердің үстінен ерлері шағым түсірген. Аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Ақзира Мейірбекованың сөзінше, 10 жасар баланың шағым түсірген кезі де кездескен. «Бала әлеуметтік желіге «анамды әкем ренжітеді» деп шағым жазған. Полиция жарияланым бойынша анықтады. 5-6 сыныпта оқитын бала екен. Әкесі ішімдікке салынған. Біз барған кезде де бас көтерместен жатты. Қазір ол отбасы дұрысталды. Үлкен баласын жұмысқа орналастырдық. Үнемі бақылауда ұстаймыз», — дейді Ақзира Мейірбекова.

kaz.nur.kz