[:kz]
Ақтөбе облысының батысында орналасқан Байғанин ауданы Ебейті мен Ноғайты ауылдарының маңына аспаннан белгісіз нәрсе құлады. Бұл туралы Фергана агенттігі хабарлайды деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға куәгерлерін барлық суреттер мен видеожазбаларды өшіруге мәжбүрлеп жатыр.
«Ракетаға ұқсайтын аппараттың» құлауы туралы хабарды жергілікті БАҚ өкілдері де алып тастауда. Темір сынықтары 9 қаңтарда шамамен жергілікті уақыт бойынша 12.30-да құлаған. Куәгерлердің айтуынша, аспаннан отқа оранған ракетаның бөлшегі сияқты көрінді.
«Жарылысқа ұқсайтын дыбыс естідік, бәрі дірілдеп кетті. 30-40 секунд салып қатты дыбыс екінші рет естілді. Бір емес, бірнеше нәрсе құлағандай болды», — дейді оқиға орын алған жерден 2 шақырымда, Ноғайты ауылында тұратын азамат.
Екі сағаттан кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері мен учаскелік полицей келіп жеткен. Олар оқиға орнына барып, көрмек болған тұрғындарды маңайына жуытпапты, сонымен қатар түсірген фото мен видеоматериалдарды өшіріп тастауға мәжбүрлепті.
Ақтөбе облысы Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров аспаннан белгісіз зат құлағанын растады, бірақ ол ракета деген алып-қашпа әңгімелер екенін жеткізді. Дегенмен кейін түсініктеме беруге уәде еткен әкім телефонын тұтқасын көтермепті.
2013 жылы Қазақстан мен Ресей «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшқан зымыран тасымалдаушылардың артынан бөлінетін бөлшектердің құлайтын орны ретінде жер учаскесін бөлу туралы келісімге қол қойған. Бұл мақсатта Ақтөбе облысында — 23 мың гектар жер, ал Қостанай облысында 41 мың гектар жер бөлінген. Алайда 2020 жылы «Байқоңырдан» қандай да бір зымыран тасымалдаушының ұшырылғаны туралы ақпарат жарияланған жоқ.
«Роскосмос», бұған дейін хабарлағандай, 2020 жылдың 30 қаңтарына «Байқоңырдан» OneWeb ғарыштық интернетінің британдық жүйесінің серіктерін ұшыруды жоспарлап отыр.
[:]