[:kz]
Ақтөбеде 2009 жылы ғана пайдалаунуға берілген жаңа №40 мектептің төбесі құлап, шұғыл түрде жедел жәрдем көлігі 9 оқушыны облыстық ауруханасына жеткізді. Олардың арасында 6 сыныптың 8 ер балаласы мен 9-сыныпта оқитын қыз бала бар. Соңғысын дәрігерлер денсаулық жағдайына байланысты ауруханаға жатқызған. Қазір 9-сыныпта оқитын қыз бала Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімінде
жатыр.
«14 жастағы оқушыға бас миының шайқалуы, жабық бас ми жарақаты және оң жақ иығының жұмсақ еті соғылған деген диагноз қойып отырмыз. Қазір жағдайы орташа ауыр. Жарақатына байланысты емін беріп жатырмыз, компьютерлік томографияға түсіреміз, бақылауда болады»,- дейді нейрохирург дәрігер Бағдат ЖҰМАБАЕВА.
Ал бас миы шайқалып, жүрегі шайлығып қалған оқушы қыз әлі өз-өзіне келе алар емес. Әбден қорқып қалыпты.
«Байқамай қалдық. Бәріміз акт залынан шығып бара жатқанбыз, өзінен-өзі пенопласт жабынды төбедегі құлай бастады. Кейбіреуі шығып үлгерді, артыма бұрылып едім, бір бала қалып барады екен, соны демеп, көмектескелі жатқанымда иығыма түсті бір-екі жабынды, бірақ, қатты ауырған жоқ», — дейді зардап шеккен қыз бала.
Анасы болса, істің ақ-қарасын арнайы құрылған комиссияның анықтауын талап етіп отыр. Себебі, «Қызым әрі қарай сол мектепте білімін жалғастыратын болса, қауіпсіздік шараларының сақталғанын қалаймын», дейді Марал ТУСИНА.
Мектептегі төтенше жағдайдан, кейін шұғыл комиссия құрылды. Ақтөбе қалалық білім бөлімінің өкілдері мектептің салтанат залындағы пенопласт жабынды құлаған сәтте, бөлмеде 9 бала болғанын айтады. Аталған білім ошағы 2009 жылы пайдалануға берілген. Бұрын-соңды ғимаратта төтенше жағдай болмапты. Жыл сайын сыртын әрлеп, жөндеу жүргізген. Соған қарамастан, төбедегі жабындының өзімен-өзі құлауына не себеп болғанын енді арнайы комиссия анықтайтын болады. Қазір бұл мәселені Ақтөбенің әкімі Ілияс ЕСПАНОВ өз бақылауына алыпты.
Фотолар автордікі.
zhasalash.kz
[:]