[:kz]
Ақтөбеде 4- сынып оқушысы өгей әкесінен көрген қорлықты айтуға қорқып келген. Сынып жетекшісі бүлдіршіннің 1-сыныптан бастап жыныстық қатынасқа тартылғанын айтып отыр. Өгей әкесі баланы түн ортасында оятып, қораның ішіне алып кететін болған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ең сорақысы, оқушының мұғалімі жантүршігерлік жағдайды анасы да білген дейді. Айтуынша, қансырап жатқан баласын өзі жуындырып алатын болған. Бірақ, балаға жасалған зорлық туралы құқық қорғау орындарына шағымданбаған.
«Қыз бала 3-сыныптан бастап біздің мектепте оқыды. Балалар өгей әкесімен бірге тұратынын білгеннен кейін «қол көтермей ме?» деп сұраймыз. Басқаша зорлық көрсетуі мүмкін дегенді ойымызға да алған жоқпыз. Баланың өзі ұрыспайтынын айтады. Әкесімен де сөйлесіп тұрдық. Ол кісі адаммен ашық сөйлесетіндіктен жаман нәрсені байқау мүмкін емес. Ал мамасы көп үндемейді. Ата-аналар жиналысына да келмейді. Сондықтан отбасыға өзіміз барып тұрамыз.
Мен өзім математикадан сабақ беремін. Баланың сабағы нашарлау екенін айтқан кезде өгей әкесі оны жақтап сөйлейді. «Мүмкін емес, қызым үйде сабақ оқып отырады» деп өзінің қызы секілді жақтап жүретіндіктен ештеңеден күдіктенген жоқпыз.Балаларына киім алып бермейді.
Аз қамтылған отбасы болғандықтан мектеп тарапынан көмектесіп жүрдік. Ақшасы жоқ болған соң киім алып бермейтін шығар деп мән бермедік»,-дейді сынып жетекшісі Амансұлу Арғынбаева.
Келіншектің бірінші күйеуінен ертіп келген үш баланы мектеп ұжымы киіндірген. Өгей әкесі мен анасы шаруа қожалығының жұмысшылары болған.
«Боран болған кезде бала шаруа қожалығындағы үйіне қайта алмай, мектеп меңгерушісінің үйінде қалды. Сол күні бала орнынан тұра алмай ауырып қалған. Түн ортасында медбике дәрі егіп кеткен соң ұйықтады. Таңертең шайға шақырғанда бала тағы тұра алмаған. Шабым ауырады дегенді бойы өсіп жүрген шығар деп ойладық. Мектеп меңгерушісі әке-шешесін шақырып, баланы ауылдағы дәрігерге қаратқан. Баланың зорланғаны сол жерде анықталды»,-дейді сынып жетекшісі.
Ауыл дәрігері баланың іш киімін шешкен кезде-ақ жағдайды түсінген.
«Мен баланы қараған кезде қасымда мұғалімі де, анасы да болды. Сол кісілердің рұқсатымен баланы қарадым. Кереуетке жатқызып, қарағаннан-ақ баланың қыз емес екенін көрдім. Сол жерде тиісті орындарға хабар берілді»,-дейді ауылдық амбулатория дәрігері Қуанышгүл Дүйсенбекова.
Бала дәрігер тексерісінен кейін ғана өгей әкесінің атын айтқан.
«Тергеу кезінде 1 -сыныптың жазғы демалыс кезінен өгей әкесі тиіскенін айтып тұр. Баланы сол кезден бастап зорлаған. Біреуге айтсаң өлтіремін, пышақтап тастаймын деп қорқытқан. Зорлық әрекеттердің барлығы ер адамның мас кезінде жасалған. Баланы мал қораға апарып түнгі уақыттарда зорлаған.
Қыз анам ештеңе білмейді деп отыр. Ал қыздың ағасы үйде қарындасының аяғы қан болып жатқанын көргенін айтты. Сол кезде мамасы қарындасымен сөйлескен. Бұл жағдайды шешесі де білген. Балаларыңды қырып тастаймын дегеннен кейін айтпадым деп отыр. Қансырап жатқан баласын өзі жуындырған. Қыздың өзі анықтау кезінде қонақ бөлмеде зорлағанын көрсетті»,-дейді сынып жетекшісі.
[:]