АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Ақтөбенің 71 жастағы тұрғыны 25 жылдан бері құжатсыз өмір сүріп келеді [:]

[:kz]

Ақтөбеде тұратын 71 жастағы Лидия Житнева Украинада өмірге келген. Қазақстанға қоныс аударғанына 40 жылдан асып кетіпті. 90 жылдардың бас кезінде болған қатты су тасқыны оның бүкіл құжаттарын шайып кеткен. Содан бері ол еш құжатсыз өмір сүріп келеді, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап. Лидия Житнева 25 жылдан бері құжаттарын қалпына келтіре алмай жүр. Ол кезде олар лашық секілді үйде тұрып жатқандықтан, мүліктері мен құжаттарын судан құтқарып қала алмаған. Осы уақыт ішінде ол өз еркімен Украинаға да хат жазған. Қазір қарт әйел зейнетақы алмайды, заңды түрде дәрігерге де қаралу құқығы жоқ. Украинада жүрген кезінде шахтада жұмыс істеген, ал Қазақстанға келіп құрылысқа араласыпты. Қазір қызымен бірге жатақханада тұрып жатыр. Бірақ бұл баспана да өздеріне тиесілі емес. Көлемі 80 шаршы метр болатын пәтер оның бұрынғы күйеу баласының меншігі екен. Осылайша тамыз айында пәтерді соған қайтарып бермек. “Зейнетақы алмаймын. Қанша хат жазсам да Украинадан жауап жоқ. Үйді өткізген соң қайда тұратынымды да білмеймін”, – дейді ол. Житнева миграциялық полицияға екі жыл бұрын шағым түсірдім дейді. Алайда полицейлер өздеріне әйелдің кеше ғана келгенін айтады. “Ол құжатын қалпына келтіру үшін басқа құжаттарды жинауы тиіс. Ол – мекен-жай анықтамалығы, туу туралы куәлік, қызының немесе күйеуінің жеке куәлігі. Сосын біз барлық жиналған құжаттарды Украинаға жібереміз”, – дейді Ақтөбе қалалық полиция басқармасы миграциялық полиция басшысы Гүлбану Мұхтарова. Миграциялық полицияның айтуынша, Донбасста қазір болып жатқан әскери қимылдарға байланысты ондағы мұрағат құжаттары жиі жоғалады, тіпті өртеніп те кетеді. Сол себепті ол жақтан жауап үнемі кешігіп келеді екен.

«Қамшы» сілтейді

http://qamshy.kz/home/show/21104

[:]