[:kz]
Редакциямызға бүгін Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің дайындық бөлімінің әдіскері Диана Құрманова хабарласты. Ол аталмыш университетте дайындық курсында оқып жүрген Фатиха Мамытақын есімді Қытай азаматшасының мәселесімен хабарласты. Қытай елінде туып-өскен қазақ қызының визасы 2017 жылдың 20-шы қаңтарында біткен екен. Алайда қаңтардың 11-і күні виза уақыты 20-шы қаңтарда бітетіні ескертілген. Визаны ұзарту үшін Көкшетау қаласының көші-қон департаментінде заң бойынша 30 АЕК, яғни 68 мың теңге төлеу керектігін айтқан. «Фатиха Мамытақын атты тыңдаушымыз визасын ұзарту үшін 68 мың теңге төлеу керектігін, алайда ондай ақшасы жоқ екенін айтып көмек сұрады. Біз өз тарапымыздан Көкшетау қаласының көші-қон басқармасына өтініш хат жаздық. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Фатиха Мамытақынмен бірге өтініш хатты алып барды. Алайда онда көп ретті визаны алу үшін 68 мың теңгені заң бойынша төлеу керектігін және заңға қарсы келе алмайтынын айтып, шығарып салған. Осыдан кейін аталмыш сомманың жартысын университет қызметкерлері жинап берді, қалғанын Фатиха Мамытақынның өзі төледі. Алайда, дәл осындай жағдайда визаны тегін ұзартқан тыңдаушының бар екенін естідік. Сондықтан, мәселенің анық-қанығын анықтап, 68 мың теңгені қайтарып алуына көмектессеңіздер» деді Диана Құрманова. Осыдан кейін редакция тілшілері көші-қон полициясына хабарласып, Қазақстанға оқуға келген шетелдік қазақтарға виза тегін ұзартылатынын анықтады. «Заң бойынша ұлты қазақ шетелдік азаматтарға виза тегін ұзартылады. Ол үшін куәлігінде ұлты қазақ деп көрсетілсе болғаны. Ал білместікпен 68 мың теңге төлеген жағдайда, көші-қон басқармасына барып, «Түбіртек қолданылмады» деген анықтама алады. Онымен салық департаментіне баруы қажет. Сол кезде ақшасы қайтарылып беріледі» деді СҚО облысының аға инспекторы Рашид Жүсіпбеков. Яғни заң бойынша тегін ұзартылуы тиіс визаны Фатиха Мамытақын 68 мың төлеп алған. Егер «Қамшыға» хабарласпаған жағдайда, бәлкім аталмыш заң турасында білмес пе еді. Білместікпен қанша қандасымыз 68 мың теңгесін желге ұшырғаны белгісіз. Бұл ретте көші-қон басқармасы қызметкерлерінің салғырттығында екенін атап өту керек. Біз Көкшетаудың көші-қон басқармасына хабарластық. Ақнұр есімді қызметкер аталмыш заңды білмегендерін және төлем жасалып болғаннан кейін ғана басқармаға шетелдік қазақтарға виза тегін ұзартылатынын айтты деп ақталды. Алайда Фатиха Мамытақынның 68 мың теңгесін қайтарып алуына көмектесетінін және осы істі аяғына дейін жеткізетінін хабарлады. «Қамшы» порталы осы істі аяғына дейін назарында ұстайды және Фатиха Мамытақынның мәселесі заңды түрде оң шешімін табуына ат салысатын болады.
[:]