[:kz]
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандық балаларды вакциналауға қатысты пікір білдірді деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Балаларды вакциналау қазір бізде жобада бар.
Бірақ ол тек ерікті түрде, ата-аналардың келісімі бойынша ғана болады. Бізге балаларын вирустан қорғағысы келетін ата-аналардан өте көп өтінімдер түсіп жатыр. Қазір біз мәселені пысықтап жатырмыз. Төртінші тоқсанда Pfizer вакцинасын жеткізу жоспарланған. Ол вакцина 12 жастан асқан балаларды вакциналау бойынша бірқатар жетекші елдердің мақұлдауын алған. Қазірдің өзінде мамандардың жағымды қорытындысы бар. Келешекте балаларды 5 жастан бастап вакциналау мәселесі талқыланып жатыр.
Қолдану тәжірибесі болды. Ресми реттеушілер қауіпсіз екенін растаған жағдайда бізде де оснындай мүмкіндік пайда болады. Дәл қазіргі сәтте 12 жастан бастап вакциналауды жоспарлап отырмыз. Әрине, біз кеңес береміз. Азаматтар қаласа, балаларын қолдағысы келсе, бұл елеулі қолдау болады», — деген министр екпе алып жатқан қазақстандықтар арасында вакцинаның қай түріне сұраныс көбірек екенін айтты.
«Осыдан жарты сағат бұрын мен Нұр-Сұлтандағы №5 қалалық емханада болып қайттым. Сол кезде әріптестерімізден сұрадық. Қазір вакцинаның бірнеше түрі бар. Азаматтардың бұл тұрғыда таңдауы әр түрлі болып шықты. QazVac та, Спутник V»-де, Sinofarm да сұраныста.
Яғни, азаматтар өз қалауы бойынша таңдау жасап жатыр. Жоспар бойынша келіп жатқан вакциналардың бәрі сұранысқа ие. Артылып қалып жатқаны жоқ. Келесі партияларын күтіп отырмыз. Вакцинаның түрі бойынша теңдей қолданыс бар екенін көріп отырмыз. Яғни, вакциналардың ешбірі тұрып қалып жатқан жоқ. Жоспар бойынша жеткізіліп жатқан вакцинаның бәрі қолданылып жатыр», — деді Алексей Цой.
[:]