[:kz]
Qazaqstan арнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасының кішкентай қонағы Абай Аслан көрерменді зеректігімен таң қалдырды. Әлі екі жасқа толмаған бүлдіршін 21 елдің туын жатқа біледі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Студияда қонақ болған Абай Қазақстан, Өзбекстан, Грузия, Америка, Чехия сынды жиырмадан аса мемлекеттің туын жатқа айтты. Балақайдың анасы Айнұрдың айтуынша, Абайдың толық жасы — 1 жас 9 ай ғана. «Мемлекеттердің туын жаттап жүргенімізге бір-екі айдың жүзі болды.
Күн сайын жаттайтын ту санын көбейтіп отырдық. Негізінен, 5-6 айынан бастап ұлымызды дамытып, кітап, карточкалар арқылы сөйлеуіне көмектестік. Ата-аналарға айтар кеңесім — баламен көп сөйлесеңіздер. Телефон, гаджет, телевизор дегенді мүлде алып тастау мүмкін емес, бірақ азайту керек», — дейді Абайдың анасы Айнұр Ибрагимова. Желіде балақайдың қабілетіне таң қалушылар көп. Олар Абайдың білімді азамат болып өсуіне тілектестік білдірген.
«Керемет! Вундеркинд! Ұлы Абайдың рухы қолдап жүрсін!», «Жарайсың, балақай! Ата-анасына рахмет!», «Ұлтымыздың қадір-қасиетін, ана тілін, тарихын өркендететін дана жігіт болып өссін!», «Балақайды тіл-көзден сақтасын!», «Аман бол, балапан!», — деп жазды желі қолданушылары.
[:]