[:kz]
Алматы облысында жеті және он жастағы ағайынды балалар Үлкен Алматы каналына батып кетті. Қайғылы оқиға 27 тамызда болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Пятый регион» сайтына сілтеме жасап.
Есік қаласының өрт сөндіру пультіне 13:29 шамасында Ащыбұлақ тұрғындарынан қоңырау түскен. Олар Үлкен Алматы каналына екі баланың құлап кеткенін мәлімдеген.
Оқиға орнына Есік қаласы мен Шелек ауылынан құтқарушылар шыққан. Балалар суға құлаған аймақтан төрт шақырым жерден табылған. Бірі 2012 жылы, екіншісі 2015 жылы туған ағайындылар екені анықталды.
Құтқарушылардың сөзінше, балалар киімде болған. Алдын ала болжам бойынша, бауыры суға құлап кеткен, көмекке асыққан ағасы да суға құлаған. Ағыс қатты болғандықтан, олар шыға алмай қалған.
Ауыл тұрғындары балалардың Үлкен Алматы каналына сиырын суармақ болған сыныптасымен бірге барғанын айтады. Бала су бетіндегі аяқ киімді көрген соң бірден жақындарына хабарлаған. Оқиға орнына балалардың туыстары мен мектеп мұғалімі де келген, алайда бұл кезде балалар батып кеткен.
«Біз балаларға судағы қауіп туралы үнемі түсіндіреміз. Әсіресе, суға шомылуға арналмаған орындарда. Өткен жылы Үлкен Алматы каналына 15 жастағы жасөспірім батып кетті. Бұл ойнап, шомылуға арналмаған орын. Ағыс қатты және су суық. Балаларға бас-көз болыңыздар. Оларды су қоймасы маңында жалғыз қалдырмаңыздар», – деді Төтенше жағдайлар қызметкері.
[:]