[:kz]Алматы облысында екі өкпесі 90 пайыз зақымданған сырқаттың жағдайы жаға ұстатты (видео) [:]

[:kz]

Әлеуметтік желіде Алматы облысына қарасты Іргелі ауылында пәтер жалдап тұратын Еркін Майлыбаев есімді азаматтың денсаулығына қатысты адам шошытарлық мәліметтер тарап кетті. 38 жастағы тұрғынның екі өкпесі 90 пайыз күйіп кеткеніне қарамастан, дәрігерлер Еркінді үйіне қайтарып жіберген. Бүгінде науқасты алматылық дәрігер мен журналистің ықпалы арқылы ғана дәрігерлер Үшқоңыр ауруханасына қайта қабылдады. Десе де, Еркін Майлыбаевтың жағдайы әлі де болса ауыр деп жазады KAZ.NUR.KZ. 

Еркін Майлыбаевтың әйелі және екі баласы бар. Алматының шетінде пәтер жалдап жүрген ол дені сау кезінде құрылыстан нәпақасын тапқан. Алайда, вирусты пневмония Еркінді де айналып өтпеді. Екі өкпесінің 90 пайызы зақымданған оны дәрігерлер Қаскелеңдегі орталы ауруханада 16 күн емдеген. Бірақ жағдайы жақсармаған науқасты қайтадан үйіне шығарып жібереді. Осыдан соң, Еркіннің жағдайы мүлде нашарлай бастаған. 

«Еркін Майлыбаевтың жағдайын әлеуметтік желіден көріп, жағамды ұстадым. Өзім дәрігер-терапевт болған соң, адамның көз алдымызда осылай солып бара жатқанына шыдамай, қызыммен бірге ол тұратын пәтерді іздедім. Өкінішке қарай, денсаулығы өте ауыр деңгейде. Тұрмысы да аса мәз емес. «Алтын Орда» базары маңындағы Іргелі ауылында өте жұпыны, бар болғаны 6 шаршы метрлік бөлмені жалдап тұрып жатыр. Науқас азамат лас жерде қараусыз жатыр.

Әйелі жағдайды түсіндіргендей болды. Сол арада мен жедел жәрдем шақырып, адамды бұлай тастауға болмайтынын айтып, Еркін Майлыбаевты қайтадан ауруханаға алдырдым. Бірақ оның қазіргі ауруханадағы жағдайы да мәз емес. Жасанды оттегі аппаратымен дем беріп жатыр. Бірақ оны аман алып қалу үшін бар күшті салмаса, болмайды», — дейді алматылық дәрігер Айзада Раисова. 

Еркін Майлыбаевтың ауыр халін көрген желі қолданушылары оған қаржылай көмек беруде. Көпшілігі беті бері қарамаған адамды ауруханадан шығарып жіберген дәрігерлер әрекетін түсінбеуде. Ал сырқаттың жағдайы күн санап нашарлап барады. Ал Еркіннің қатты сырқат екенін білген пәтер иесі оны отбасымен бірге түн ішінде көшіріп жіберген. Әлеуметтік желіде Еркін Майлыбаевтың отбасына көмек көрсетем деушілер 8 747 261 42 46 нөміріне ақша аударып жатыр. 

[:]