[:kz]
Алматы қаласы полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов Ақбұлақта бес адамды атып өлтірген күдіктінің ісі туралы айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Таймерденовтың сөзінше, прокуратура тергеу жүргізіп жатыр. Ведомствоаралық топ құрылған. Ол тергеу аяқталған соң қызметкерлер көпшілікті хабардар ететінін айтты. Еске сала кетейік, Алматыдағы қайғылы жайт 20 қыркүйек күні сағат 17.00 шамасында Алатау ауданындағы «Ақбұлақ» ықшамауданында болды.
Қалалық полицияның мәліметінше, жеке үйлердің бірінен шығару туралы сот қаулысын орындау кезінде осы үйдің тұрғыны 1967 жылы туған Д. есімді азамат агрессия көрсетіп, сот орындаушыларына, учаскелік полиция инспекторларына және ТЖД қызметкерлеріне оқ атқан.
Салдарынан қызметтік міндеттемелерін орындап жүрген бес адам, оның ішінде екі полиция қызметкері оқ жарақатын алып, қайтыс болды.
Қайғылы оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалған. Күдікті 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Әзірге оның екі айға қамауға алынғаны белгілі.
Одан бөлек, күдіктінің әйелі мәлімдеме жасап, қайғылы жайтқа қатысты пікір білдірген еді.
[:]