[:kz]
Айжан Ботаева бұл Тараз тұрғындарының бұрыннан келе жатқан дәстүрі екенін айтады.
Алматылық блогер келін тараздықтардың бесік тойға қалай дайындалатынын көрсетті. Айжан Ботаева Instagram парақшасында қырқынан шыққан інісіне нағашы жұрты әкелген киім-кешегі мен дүниесін жария етті. Бесіктен бөлек, баланың бес жасқа дейінгі киімі, ойыншығы, басқа да дүниесін көрген ел бұл салтқа екіжақты пікір білдірді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Блогер келін Айжан Ботаева жақында қырқынан шыққан кішкентай бауырының бесікке салу рәсімін желідегі парақшасында жария етті. Көпшіліктің пікірі екіге жарылған. Бір топ жиеніне бар жағдайды жасап берген тараздықтарды жақтап шықса, екінші тарап бұл салтты шығын деп есептейді.
«Анаңды аясаңшы. Сұмдық қой мынау, кішігірім апарсын. Анасына сонша шығын!», «Балапанның дені сау, өмір жасы ұзақ болсын! Бұрын осындай салт болмаған, кейінгілер шығарған. Әйтеуір біреуден біреу қалып қалмау керек. Ысырап қой. Өз басым мұндай салт-сымақты қолдамаймын…Адамдар күннен-күнге жаңа бірдеңе ойлап тауып, салтымыз дей салады. Сәл де болса ойлану жоқ, ақыл айтып, жөнін көрсететін үлкендеріміз де қалмады…», — деп жазды олар пікірге.
Дегенмен, бұл дәстүрді жақсы қабылдап, қолдап пікір жазғандар да көп. «Жағдайым болса, мен де қыздарыма санаспай бәрін бергім келеді. Анасын түсініп отырмын», » «Еш сөкеттігі жоқ, апарса немересіне апарады ғой», » Бар болсаң, барыңды көрсет. Жақсы ғой. Тойымыз таусылмасын!», — дейді аталмыш салтты жақтаған желі қолданушылары.
Айжан Ботаева бұл Тараз тұрғындарының бұрыннан келе жатқан дәстүрі екенін айтады. Сондай-ақ, блогер жиендердің артынан әкелетін дүниені жалғыз анасы емес, барша туыстары бірігіп жасайтынын жеткізді.
«Бізде кішкентай босана салысымен 5 жасқа дейінгі киімін, дүниесін бәрін әкеп тастайды. 5 жасқа дейін ештеңе сұрамаймыз. Күйеуге шықсақ та, солай 5 жылға әкеп тастайды (керек-жарақ дүниені). Киімдерімді өз басым енді алып жатырмын. Үлкен балама да осы уақытқа дейін киімдер алмаппын. Әр жақтың өзінің салты бар. Сол салты бойынша әкеледі. Әр ананың арманы — артынан жақсы апару. Біреу жаман жазған, біреу мақтап жазған. Сіздерге де жұғысты болсын. Қыз, ұл өсіріп жатырсыздар. Кейін қай жерден қыз алып, қай жерге қызыңызды беретініңізді білмейсіз ғой. Тараз жаққа берсеңіз, шығындалатыныңыз анық. Ал егер қыз алсаңыз, байып шыға келесіз», — дейді Айжан Ботаева.
[:]