[:kz]
“Жігіттер” квартетінің әншісі Айдар Тұрғанбек үлкен енесінің видеосын әлеуметтік желіге салып, танымал етті. Ұлты неміс әже қазақтардың салт-дәстүріне қатысты әңгімесінен кейін көптің көңілінен шыққан болатын. Express Qazaqstan 79 жастағы кейуанамен сұхбаттасты.
Түркістан облысындағы Жетісай ауданының Асық ата ауылында тұратын Валя Аязбекова — 9 құрсақ көтерген ана. Екі баласы кішкентай кезінде шетінеп кеткен екен. Қазір 4 ұл, 3 қызынан 27 немере, 43 шөбере сүйіп отыр. Сәуірде 80-ге келетін әже қазақтың бесікке салу дәстүріне қатысты айтқан пікірінен кейін ғаламторда таныла бастады.
«Менің екінші баламның қызы — Айдардың келіншегі. Айдар — күйеу балам. Шәй ішіп отырғанда әңгімемді түсіріп алған ғой. Мен үш қызыма да, немерелеріме де бесік апарған адаммын. Өткенде бір бесік тойға барғанда, бір-бірінен сұрап, дәстүрді дұрыс жасай алмай жатқандарын көріп қарным ашты. Соған ашуым келіп айтқанымды Айдар түсіріп алыпты. Айдардың екі қызы бар», — деп күлді әже.
Валя әже интерноционал отбасында дүниеге келген. Әкесі — неміс, шешесі — орыс. Ал ол өзін қазақпын дейді.
«1942 жылы 12 сәуірде Өзбекстанның Самарқан облысындағы Бұлыңғыр ауданында тудым. 1959 жылы мектепті бітіріп, Самарқан қаласындағы Ушинский атындағы педагогикалық училищеге түсіп, оны 2,5 жылдан кейін бітірдім. Сөйтіп бір қазақ жігітімен танысып, кейін екеуміз 1961 жылы үйлендік. Сол кезде шешемнің «Сен қазаққа тұрмысқа шықтың. Енді артқа жол жоқ» дегені әлі есімде», — дейді әже.
Күйеуге шыққаннан кейін Валя әже Парсы ауданында мектепке жұмысқа тұрып, бастауыш сыныптарға сабақ бере бастайды. Кейін Ташкенттегі Низами институтының филология факультетін тәмәмдаған.
«Мектепке келгеннен кейін қазақ сыныптарға сабақ бердім ғой. Қазақ тілін содан үйреніп кеттім. Кейін диплом алған соң қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. 37 жыл ұстаздық еттім. Ал зейнеткерлікке шыққан соң емшілікпен айналыса бастадым. Челябіде сіңілім тұрады. Сол жақтан түрлі шөптер әкеліп, ем жүргіземін» , — дейді Валя Аязбекова.
Валя Аязбекова Жетісай ауданына 2005 жылы көшіп келіпті. Қазір кенже баласының қолында тұрады. Емшілікпен айналысатын әже адамның іш-құрылысындағы, зәр шығару жүйесіндегі дерттерге, гайморит секілді ауруларға қарсы ем жүргізеді. Оның айтуынша, шипа іздеп келетіндер көп.
Валя әжей туралы Express Qazaqstan бұған дейін де жазған болатын.
[:]