[:kz]
Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың ұсынысымен Қайрат Нұртас мегаполистің құрметті азаматы атанды. Осыған қатысты танымал тележүргізуші Бибігүл Дәулетбекқызы Instagram желісіндегі парақшасындапікір білдіріп, мұндай мәртебеге әнші емес, ұлағатты ұстаз бен саналы ұрпақты өмірге әкелген ата-ана лайықты екенін жазды. Бұл туралы Stan.kzхабарлайды.
Талай хит әндердің орындаушысы Қайрат Нұртас берілген мәртебенің арқасында Шымкент қаласына келгенде қоғамдық көліктерде тегін жүре алады. Тележурналистің сөзінше, «Ролс Ройс» сынды қымбат көліктерді мінген әншіге бұл керек те емес. Есесіне тегін жолақыға көпбалалы ана мен ұстаз мұқтаж.
«Мынау рас болса, Шымкент әкімі Ғабидолла, ұят болған екен! Несімен еңбегі сіңді екен?! Қашан қоясыздар әншілерді дәріптегенді?! Қашан?! Мыңдаған балаларға білім берген қарт ұстаз неге «құрметті азамат» атанбайды?! Әлде, саналы ұрпақ әкелген ата-ана?! Егер мынадай дарақылықты қоймасаңыз, Шымкент xалқы бір күні сізді велосипедке отырғызып жібереді! Ойланыңыз, Ғабидолла, ойланыңыз! Мен сізді әжептәуір әкім бе деп жүрсем, көңіл қалды! Егер сіз көпбалалы анаға осылай құрмет көрсеткен болсаңыз, сіздің даңқыңыз артқан болар еді. Әншілердің дәуірі өтті, әкім мырзалар! Халық — әншілерді бұрынғыдай сыйламайды, қашан соны түсінеді екенсіздер. «Ролс Ройспен» жүрген әнші сіздің қоғамдық көлігіңізді қайтсін?! Ал, көп балалы Ана мен ұстазға тегін жүру — арман!»— деді Бибігүл Дәулетбекқызы.
Естеріңізге сала кетейік, өнер иесіне қаланың құрметті азаматы атағын беруге Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалалық маслихатқа ұсыныс білдірді. Басшының ұсынысын ел ағалары құп көрген.
[:]