АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Антибатпақ» деген аяқ киімдер сатады[:]

[:kz]

Таяуда әлеуметтік желіден бір қызық жарнама көрдік. Орыс тілінде жарияланған жарнамада мынадай сөздер бар:

«Су өткізбейтін бахилалар, антибатпақтар!

Су мен кірден 100 пайыз қорғайды. Аяқ киімді қандай жағдайда болмасын құрғақ әрі таза күйінде сақтайды. Судан, қардан, батпақтан, химиялық реагенттерден аяқ киімнің тез тозатыны белгілі. Сондай-ақ лас аяқ киім сіздің қарсы жыныс өкілі алдындағы беделіңізге орны толмастай нұқсан келтіретіні де аян. Сіз  аяқ киіміңіздің пайдаланылу мерзімін созу арқылы қаржыңызды үнемдей аласыз. Мұны аяқ киімнің сыртынан киесіз де, көшеге қорықпай шыға бересіз. Ерлердің де, әйелдердің де, балалардың да аяқ киімінің сыртынан киіп алуға болады.

Табаны тайғақ емес. Қандай өлшемін қаласаңыз да табылады. Мына телефондарға хабарласыңыз», – деп телефон нөмірлерін және сауда нүктесінің сайтын көрсеткен.

Біз бұл жарнамамен танысқасын онда көрсетілген телефон нөмірлерінің біріне хабарластық. Телефон тұтқасын орыс­тілді қыз көтерді. Арамызда мынадай әңгіме болды:

– Әлеуметтік желіде жарияланған жарнама бойынша хабарласып тұр едік.

– Бахила жөнінде ғой?

– Иә. Біраз нәрселер туралы білсек деп едік.

– Сұрай беріңіз.

– Бұл өзі қандай бахила, түсінік­тірек етіп айтыңызшы.

– Түсінбейтін ештеңесі жоқ. Кәдімгі бахила.

– Кейбір медицина мекемелеріне кіргенде берілетінін көргенбіз. Полиэтилен қапшықтың материалынан, целлофаннан жасалған…

– Бұл ондай емес, басқаша. Аяқ киімнің сыртынан киіледі. Ол оның формасын сақтайды. Материалы – өңделген полипропилен, тығыз, мығым, жыртылмайды, мүжіліп-сынбайды.

– Бағасы 1400 теңге деп көрсе­тіліпті. Бұл жалпы баға ма, әлде ерлер, әйелдер және балалар аяқ киімі үшін жасалғандарының бағасы әрқалай бола ма?

– Бәрінің бағасы бірдей.

– Егер көптеп, көтере бағасына алса ше?

– Онда баға тапсырыс көлеміне қарай 800 теңгеден басталады. Яғни көп ал­ғандарға 800 теңгеден береміз. Алғаныңызға өкінбейсіз. Өйткені бұған қазір сұраныс жақсы.

– Бахиланы өздеріңіз шығарасыздар ма, әлде басқа бір жақтан әке­ле­сіздер ме?

– Қытайдан әкелінеді. Сол жақта өндіріс орны, өз нүктеміз бар.

– Мұның денсаулыққа қандай да бір зияны жоқ па екен?

– Ешқандай да зияны жоқ. Аяқ киімнің сыртынан киіледі ғой. Пайдасы көп. Аяқ киіміңіз таза болады әрі тез ескірмейді. Жауын-шашынды күндері, лай-батпақты жерлерде таптырмайтын нәрсе.

– Сауданы қашан бастаған еді­ңіздер? Оған сұраныс қалай?

– Алғаш рет тауарды өткен қыркүйек айының ортасына жақын әкелгенбіз. Сұраныс жақсы. Интернеттің өзінен күніне 30 – 40 тапсырыс түседі.

– Қай жақтың адамдары көбірек хабарласады?

– Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан жиі хабарласады.

– Мекен-жайларыңызды Алматы деп көрсетіпсіздер…

– Иә, Алматыдамыз. Қалада «Квартал» деп аталатын сауда үйі бар, сондағы бутиктерімізден бахиланың түр-түрін табуға болады.

…Міне, сауда әлемінде осындай да жаңалықтар болып жатыр екен. Біз сөйлескен қыздың айтуынша, оларға  әзірге Шымкенттен ешкім хабарласа қоймапты. Енді хабарласа бастайтын шығар.

Д. НҰРПЕЙІС

Zamana.kz 

[:]