[:kz]»Арман Жұмагелдиевпен ешқандай байланысы жоқ»: Бердах Бекетовтің әпкесі қамаудағы інісінің қазіргі жағдайы туралы айтты[:]

[:kz]

 

“Qoslike” бағдарламасымен танылған Бердімұрат-Бердах Бекетов қаңтардағы бүлікке қатысқаны үшін тұтқындалған болатын. Тәртіпсіздікке қатысы бар деп қамалған белсендінің анасы мен әпкесі оның ешқандай кінәсі жоқ екенін айтады. Халықтың баласы атанып кеткен ұлдарының сол кезде тек елі үшін алаңға шықты деген олар Stan.kz тілшісіне Бердахтың жағдайы тураы айтып берді. 

– Бердахтың қазіргі жағдайы қалай? Соңғы рет оны қашан көрдіңіздер? 

 Қазір ініме кіріп тұруға рұқсат алдым. Қазір Бердахтың жағдайы бірқалыпты. Жақсы деп айта алмаймын. Себебі темір тордың ішінде отырған кімге жақсын. Денсаулығы да нашарлаған, жазда микроинсульт алған, оған қоса демікпесі бар . Қазір тергеу мекемелері жөнінде түрлі ақпараттар бар. Біреулер әлі де бопсалап, ұрып-соғып жатыр дейді. Алайда физикалық күш қолданылмаса да, моральды тұрғыдан камерадан камераға ауыстырып рухтарын әбден түсіріп тастаған. Қазір тамағы мен дәрілерін уақытылы апарып тұрамыз. Жағдайы оңалды. Менің ойымша, бұл жағдай тек біздің отбасының ғана емес, күллі қазақ жастарының еңсесін түсіргендей.  

 Желіде Бердахтың митинг кезінде қылмыс серкесі «Дикий» Арманның жанында жүрген видеолары тараған еді. Бұл жайлы не айта аласыздар? Бердахтың Арман Жұмагелдиевпен қандай байланысы болуы мүмкін? 

 Інімнің Арман Жұмагелдиевпен ешқандай байланысы жоқ. Халыққа көмектесеміз дегенді естіп, алаңға рухтанып барса керек. Арман Жұмагелдиевтің артынан сол күндері кім ермеді? Халықты құтқарады екен деп бәріміз соған табына қарадық қой. Кімнің ақ, кімнің қара екені әлі белгісіз. Алайда Бердахтың ешқандай қылмыстық топтармен байланысы болған емес.

Сол видеолардың таралуына өзіміз танитын бір кісілердің септігі тиген. Бір қазақ екінші қазақты көре алмайды. Айтсақ, өзімізге тиеді. Блогерлердің арасында жүрген сол адам өзінің instagram парақшасына “міне, митингіге шыққандар, бұларды ұстау керек” деп жариялап жіберген. Ең сорақысы, 21 қаңтарда Бердахтың ұлы дүниеге келді, өзін 22 қаңтарда ұстап әкетті.

 Қазір Бердахтың үстінен қозғалған қылмыстық істің жүргізілу барысы жайлы айтып берсеңіздер. Сіздерді неше рет тергеуге шақырды? Қазір іс қайда қаралып жатыр?

– Қазір істі прокуратура қарап жатыр. Оның тәртіпсіздіктерге қатысы барына сол күнгі видеолар айғақ ретінде келтірілген. Алайда оның қолында адам қаны жоқ. Ешкімді ұрмаған, соқпаған, өлтірмеген. Мен қазір адвокаттың жанында жүрмін. Құзырлы органдар кімнің кім екеніне кішкене назар аударса екен деймін. Арысқа, Мақтааралға көмектесіп, елім, жерім деп жүрген адамның қылмысқа баруы мүмкін емес қой. Бұрыннан нашақор, маскүнем, алаяқтығы болса, үндемес едім. 

Ең бастысы, тергеудің әділ жүргізіліп, прокуратура дұрыс шешім шығараса игі еді. 

 Тергеу барысында сіздерге қысым көрсетілген жоқ па? Бердахтың өзі не дейді? Онымен қашан кездестіңіздер? 

– Басында тергеу барысында барлық кінәні оның мойынына ілуге тырысқан. Ұсталған жігіттердің бәрін ұрып-соғып қинаған. Сорақысы сол, үстіне үтік басып, ыстық су құйғаны туралы деректер таралып жатыр. Бердахты өзім қарап тексеріп көрдім. Денесінде күйген іздер болмады. Алайда бір апта бойы сөйлей алмай жүрді. Қан қысымы көтеріліп, бүйрегі ауырып, басында жарақаттар болған. Медициналық көмек ол жақта көрсетілмейтіндіктен, біз дәрі-дәрмек апарып бердік.

Баласын әлі көрмеді. Отбасынан кешірім сұрады. Іштей өкініші бар. Басында қолдау берер ешкім болмады. Біз ғана шырылдап жүріп, құзырлы органдардың есігін қақтық. Алайда мардымды жауап ала алмай, не істерімізді білмедік. Кейін Instagram парақшама үндеу жариялаған соң адвокаттар хабарласа бастады.

Бердах Бекетовтің анасы Маржан Сәденова ұлының темір тор артында отырғаны жанына бататынын айтады. Осы жағдайдан соң оның шығуын тілеген көпшілікті көріп баласының шынымен халық арасында құрметті екеніне көзі жеткен. Ана жүрегі ұлының аман екеніне жұбанып, енді оны бостандыққа шығаруды сұрайды. 

“Мен Бердахпен бір рет кездесуге рұқсат алдым. Сол кезде тордың артындағы өрімдей жас балаларды көріп, көзімдегі жасты тоқтата алмадым. Ұлыммен кездескенде одан мойымауды сұрадым. Өйткені ол осының бәрін тек елінің қамы үшін жасады. Отбасын да ойламастан халық қамы үшін бәріне барды. Енді әділдікке жетуіміз керек. Баламның жазықсыз жапа шегіп жатқанын ойлап күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым”, – деді анасы.

Сұхбаттың толық нұсқасын ютуб арнамыздан тамашалай аласыздар

 

Сұхбатты дайындаған: Гүлсезім Мұхатай, Нұрсұлтан Нұрманбек

[:]