[:kz]
Астана тұрғыны азық-түлік алуға жұмсайтын ақшасын жіктеп айтып берді. Төрт баланың әкесі базардағы азық-түлік бағасына қарап, елорададағы орташа жалақы алатын жандар үшін аштық қаупі туындауы мүмкін деген болжамын жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі. Айбек — төрт баланың әкесі.
Ол Нұр-сұлтан қаласында түнгі такси қызметін атқарады, ал күндіз әйелі жұмыста болғанда балаларына қарайды. Төрт баланың әкесі бір аптаға мөлшерленген азық-түлікті қаншаға алғанын жіпке тізгендей айтып берді.
«Базарда картоп — 250 теңге, сәбіз — 570 теңге, болгар бұрышы — 250 теңге, пияз — 120 теңге, орамжапырақ — 100 теңге, кәді — 300 теңге, баялды — 300 теңге, қызанақ — 350 теңге, қияр — 300 теңге. Сондай-ақ, көп мөлшерде аскөк алдық. Нәтижесінде көкөніске 30 мың теңге жұмсадық.
Ал қалған азық-түлікті супермаркеттен алдық. Күріш, макарон, ұн, сүт, су, жөргек, сыра және ұсақ-түйек. Сонымен ол жерде тағы 30 мың теңге кетті. Жолдан ет дүкеніне кіріп 7-8 келі сиыр етін алдым, 20 мың шықты.
Міне көпбалалы отбасының бір аптадағы тамағы осындай. Сонда бізге тамаққа аптасына 80-90 мың кетеді екен», — дейді ол.
Фото: Айбектің жеке мұрағатынан
Аталған сомаға Айбек жанармай, коммуналдық қызмет, ұялы байланыс, несие, сияқты шығындарды қоспаған. Ол инфляцияны 7 пайыз деп жүрген үкіметке мысқылмен қарайтынын айтады. «Базардағы саудагерлер оңтүстік өңірлерде жанармайдың жоқтығынан көкөніс пен жеміс жидек тасымалы тоқтап тұр дейді. Бұл бір халыққа әдейі жасалғандай сезіледі екен», — дейді ол. Төрт баланың әкесі базардағы азық-түлік бағасына қарап, елорададағы орташа жалақы алатын жандарға аштық қаупі төнуі мүмкін деген болжам жасады.
[:]