АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Астаналық кәсіпкер ZAF былғары белдігі, кәсіп ашу және оны дамыту туралы[:]

[:kz]

«50 жас кәсіпкер» жобасының кезекті қонағы Астаналық кәсіпкер — Жәнібек Сәрсембаев. Былғары бұйымдарын өндіру кәсібімен айналысатын кейіпкеріміз сұхбат барысында кәсіп ашу, оны дамыту қаншалықты қиын екендігімен бөлісті. Ол табысты бизнес көзінің кілті — жұмысқа деген адалдық пен тұтынушыға деген сенім деп біледі.

Алғашында пиццерия ашқым келген еді…

Алғашында пиццерия ашқым келген еді. Оған ата-анам қарсы болған соң ашпадым. Кейін бір жыл бойы қандай бизнес ашуға болатындығын ойланып жүрдім. Бір күні аяқ астынан интернеттен белдік жасау туралы видеоны көрдім. Ол маған өте қатты ұнады. Жасап көріп, қызыққаным соншалықты керекті жабдықтарды қолдан қалайша жасалатынын түсімде көре бастадым. Қазақстанда және Астанада жеңіл өнеркәсіпке қажетті құралдар жоқ, әсіресе былғарымен жұмыс істеуге арналған құралдар. Мысалы, түсімде шанышқыдан қалайша құрал жасауға болатынын көрдім. Алдымен өзіме белдік жасап, суретті Instagram желісіне жарияладым. Адамдарға ұнады. Кейін екінші белдік жасап, оны да жарияладым.

Менің алғашқы клиентім 6000 теңгеге екі белдік алған  көршім болды. Жақында оны көрдім, екі жыл өтсе де, ол әлі белдіктерді тағып жүр. Одан кейін достарым мен туыстарым тапсырыс бере бастады. Осылайша адамдар мені танып, маған жүгіне бастады. Осылайша бизнес саласында жолым басталды.

 

Жәнібек Сәрсембаев. Фото: жеке мұрағатынан

Айына 500-700-ге жуық белдік сатамыз

Басында жалғыз өзім отырып жасаған бизнес қазіргі күні шағын кәсіпке айналды. Себебі, біз дәл осы уақытта 10-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Цехта бес адам жұмыс жасайды: екі сатушы, бір СММ маманы және өзім. Қазір айына 500-700-ге жуық белдік сатамыз. Белдіктен бөлек әмиян, куәлік, кілт салғыш секілді де ұсақ заттарды жасаймыз.

Аллаға шүкір бизнесіміз ақырындап алға жылжып келеді. Оның басты себебі – тауардың сапалы болуы деп ойлаймын. Оның дәлелі, осыдан 2 жыл бұрын менен белдік алған бір досым сол белдікті әлі күнге дейін тағып жүр екен.

ZAF – екі қызым мен жолдасымның есімдері

Көп адамдар «дүкеннің аты неге ZAF?» деп сұрап жатады. Ол менің екі қызым мен жолдасымның есімдерінің алғашқы есімдері. Яғни, Зере, Ажар және Фатима. Қазір Әсия деген үшінші қызым бар. Көбі енді «дүкеннің атауын басқаша яғни, ZAAF немесе ZAFA деп өзгертесің ба?» деп сұрап жүр. Бірақ оны өзгертпеймін. Халықтың көңілінде осы атау арқылы қалдық және солай қала бергім келеді. Ал үшінші қызымның есімімен өзге бренд жасаймын.

Бір қызығы, мен бұл бизнесті ашу үшін ешқандай бизнес тренингтерге, курстарға барған жоқпын. Себебі, ата-анам маған кішкентайымнан барлығын өз бетіммен үйренуге тәрбиеледі. Сондықтан болар мені мазалаған кез келген сұрақты күні-түні интернетті ақтарып отырып тауып аламын. Дәл сол секілді бұл бизнесті де бастауыма сол интернет көмегін тигізді. Әрине, әр адамға мүмкіндік әрқалай келеді. Мысалы, маған осылай ешқандай курссыз бизнес ашуға мүмкіндік болған шығар. Бірақ, басқалар үшін белгілі бір сабақтарға қатысып, кітаптар оқып, білім алу керек болады. Сол үшін мен бизнес бастау үшін ешқандай білім керек емес демеймін. Өзіңізге қалай ыңғайлы солай жасаңыз.

Клиент үшін бастысы – сапа мен баға

Белдік жасау үшін пайдаланылатын теріні Ресейден алдыртамыз. Әрине, шет елден алған соң сәл қымбатқа түседі. Еліміздегі терілерді алғымыз-ақ келеді. Алайда олардың сапасы көңіл көншітпейді. Қазақстандағы терілерді алып белдік жасайтын басқа дүкендер бар екенін естігенмін. Бірақ мен үшін сапа маңызды.

Клиенттер үшін де бастысы – сапалы тауар мен қолжетімді баға. Отандық және шет елдік бәсекелестерімізді басып озу үшін біз осы екі нәрсені ғана жасаймыз. Яғни, тауарларымыздың сапалы әрі бағасының қолжетімді болуын қадағалаймыз. Мысалы, біздің белдіктердің бағасы 5500 теңгеден басталады. Бағасы өзге сапалы белдіктермен салыстырғанда төменірек. Оған қоса, біздің өзгелерден ерекшелігіміз – біз белдіктерге адамның есімін, руын немесе қалаған сөзін жазып береміз. Бұл клиент үшін қызық, ал біз үшін мүмкіндік. Себебі, осы арқылы тұтынушылар санын 2-3 есеге арттырып отырмыз.

24 сағат бойы тапсырыс қабылдаймыз

Осы жеткен деңгейімде қалып қоймай, бизнесімізді одан әрі дамытқым келеді. Ол үшін ең бірінші жасалатын қадам – Қазақстанның барлық қалаларынан дүкендер ашу. Әзірге Астана қаласында екі дүкеніміз бар және сайт немесе әлеуметтік желілер арқылы тапсырыс қабылдаймыз. Жақын арада Алматы, Ақтөбе секілді еліміздің басқа да қалаларынан дүкендер ашқымыз келеді.

Оған қоса, қызмет көрсету түрін автоматты жүйеге айналдырғым келеді. Өзім IT маманы болғасын болар автоматты жүйе орнату маған қызықты әрі үлкен тәжірибе. Яғни, онлайн жасалатын сауда түгелімен автоматты түрде жүргенін қалаймын. Ол кезде біздің жұмыстың жеделдігі артатын болады, әрі 24 сағат бойы тапсырыс қабылдайтын дәрежеге жетеміз. Тіпті дүкенге артық жұмысшы да алмаймыз.

Онымен қоймай, белдік жасаумен тоқтап қалмай аяқ киім, киімдер жасауды да қолға алғымыз келеді. Сол арқылы еліміздегі шет елдік брендтерден басып озамыз деп ойлаймын. Бір жағынан бұл мемлекетіміздің экономикасының дамуына да үлкен әсерін тигізері анық. Мен және тағы да басқа көптеген кәсіпкерлер осылай өз бизнестерін дөңгелетіп, күн сайын дамытып отырса, біз де шет елдік түрлі танымал брендтермен тең дәрежеге жетеміз.

Әр сәтсіздіктен сабақ алу керек

Статистика бойынша, жасалып жатқан әрбір 10 бизнес жобаның тек екеуі ғана сәтті шығады екен. Ал сол сәтті екі жобаның бірі сіздікі болу үшін табанды болу керек. Ол қалай? Яғни, әрбір сәтсіздік болған сайын сынып кетпей орыныңнан тұрып, ары қарай жалғастыра беру керек. Мейлі, он рет құлаңыз, мейлі жиырма рет құлаңыз. Бірақ, қайта тұрыңыз да өз ісіңізді жалғастырыңыз. Әрине әрбір қателіктен кем дегенде бір сабақ алып отыру қажет. Сонда сіз әрбір сәтсіздік сайын шынығып, сол салаға төселе бастайсыз.

Әлемдегі кез келген миллиардер өмірінде кем дегенде 3 рет банкрот болған екен. Яғни, олар сол банкрот болудың арқасында шынықты және сол жерде қалып қоймай немесе жобасын тастап кетпей ісін жалғастырды. Егер олар сол қарызға батқан жерінде қозғалмай қалып қойса, миллиардер болмай, жай ғана бір компанияның менеджері немесе көшеде қара жұмыс жасап жүрер ма еді, кім білсін?!

ZAF дүкенінің өнімдері. Фото: жеке мұрағатынан

Барлығы бизнес жасау оңай және бай болу тез орындалатын процесс деп ойлайды. Ол қате пікір.  Барлығына жету үшін еңбек пен ақыл керек. Әсіресе, бизнес саласында. Күнделікті үлкен қаражатпен жұмыс жасаған соң уайым мен жауапкершілік күшейе түседі. Егер сен ол жобаны бүлдіріп алсаң сенің қол астыңда жұмыс жасап жатқан қаншама адам аш қалады. Сол үшін бизнес деген кез келгеннің қолынан келетін оңай іс немесе адамдарға жұмыс жасатып қойып, қарап отыру емес.

Кез келген кәсіпкердің директоры – клиент

Менің ойымша, жетістікке жету формуласы – клиенттің көңілінен шыға білу. Себебі кәсіпкердің директоры – клиент. Иә, олар – директор, біздің басшымыз. Өйткені, тұтынушы болмаса, бизнесіміздің бес тиын пайдасы болмас еді. Сол үшін бірінші кезекте тұтынушылардың сенімін ақтап, көңілінен шығу керек. Яғни, біз дүкенге келген әрбір адамның ойынан шығып, көңілінде дүкен жайлы жақсы пікір қалыптастыру үшін жұмыс істейміз.

Клиент дүкенге кіргеннен бастап, жылы шырай танытып, сәлемдесіп, тауарлар жайлы ақпарат берумен бастаймыз. Егер сіздің қызмет көрсетуіңіз халықтың көңілінен шықса, олар сізге үнемі келіп отырады. Және бір қызығы, дүкенге зат алуға емес, жәй ғана кіре салған қонақтың өзімен дұрыстап сөйлесе білсеңіз, оған да кез келген тауарды сатуға болады. Сол үшін әрбір тұтынушы біз үшін маңызды.

Адамдардың басты проблемасы – ұйқы

Бизнес саласында жүрген соң көп қиындықтар кездеседі. Оның бәрін жалғыз өзің шеше алмайсың. Сол үшін мен ондай жағдайларда осы саладағы достарымнан көмек сұраймын немесе кітаптардан қараймын. Осы орайда, бизнес бастап жатқан жастарға, іні-қарындастарыма қандай кітап оқу керектігі жайлы, кімді оқу керектегі туралы өз ақылымды айтып өтейін. Негізінде бұл сала бойынша жазылған кітаптар өте көп. Бастысы нақты сен іздеген сұраққа жауап бере алатын, басыңдағы проблеманы шешіп бере алатын, саған кеңес беріп, ойыңды жетілдіретін туындыларды оқу. Мысалы, өз басым көбінесе Мацусита Коносукэны оқимын. Ол тұлға Panasonic компаниясының басшысы болған және одан да басқа түрлі алып жобаларды дүниеге әкеліп, оларды дамытқан мықты бизнесмен. Ал кітаптардың ішінен «Магия утра» кітабын оқуға кеңес беремін. Себебі, қазіргі уақыттағы адамдардың басты проблемасы – ұйқы. Аталған шығарманы оқу арқылы сіздер ұйқыдан тез әрі көтеріңкі көңіл-күймен оянып, сол күнге жоспарлаған барлық жұмыстарыңызды шаршамай бітіруге үйренесіз.

Сұхбаттасқан Нұрбол Шыныбай

baribar.kz/

[:]