[:kz]
Cонымен, Атамбаевтың «айқай-шуынан» кейін саяси жағдай шиеленісе түскен екі ел арасындағы текетірес аяқталуға таяу десек, оған әлі ертелеу сияқты. Кеше Қырғызстанда өткен президент сайлау – бұл әңгімеге нүкте қойды деп те айта алмаймыз. Бірақ алдағы уақытта текетірес осылай жалғаса бере ме? Қырғызстанның билік басына келген жаңа президентінің алғашқы қадамы қалай болмақ? Ол туралы кейінірек.
Қысқасы, бірқатар сарапшылардың айтуынша, кешегі сайлауда «Атамбаевтың адамы» деп аталатын кандидат жеңіске жетті. Ол кім? Ең соңғы қызмет орнын атар болсақ, көп нәрсені түсінуге болар. Сонымен Қырғызстанның президенттік сайлауында алдын ала мәліметтер бойынша 54,77 пайыз дауыс жинаған Сооронбай Жиенбеков жеңіске жетті. Оның сайлау алдындағы ең соңғы қызмет орны Қырғызстан президенті аппараты жетекшісінің орынбасары. Демек, Атамбаевтың жанайқайын енді түсінуге болады. Қазақстанға келіп, бата алып қайтқан Бабановтың бәрібір жолы болмады. Қырғызстанның президенттік-әкімшілік ресурсы жеңіске жетті. Екінші орында 33,78 пайыз дауыс алған Өмірбек Бабанов, үшінші орынды 6,48 дауыс жинаған Адахан Мадумаров алды. Сөйтіп, екі ел арасына сына қаға жаздаған «Атамбаевтың айқайы өз кезегінде президенттік сайлауда өзінің адамына басым дауыс алып берді» десе де болады. Кейбір деректерге қарағанда, он үміткердің ішіндегі Темір Сариевтің (2,56 пайыз) өзгесі 1 пайыз да жинай алмаған. Сайлау қорытындысы туралы нақты мәлімет алдағы 20 күннің ішінде толыққанды жариялануы тиіс.
Енді алты жыл қырғыз елін Сооронбай басқаратын болады. Оның алғашқы қадамы қалай болуы қапжет?
Қырғызстанның экс-президенті Роза Отунбаева Азаттықтың қырғыз редакциясына берген сұхбатында Қазақстанмен шекарадағы мәселені шешу үшін президенттер деңгейінде келіссөз жүргізу керек деп санайды.
- Ең бастысы, Президент тарапынан бірінші қадам жасалуы тиіс. Президент өзінің жауапкершілігін сезінеді ме, біледі ме? Тіптен кешірім сұрамаған күннің өзінде, Қазақстан президентінің бабын табу керек. Бұл мәселе үкімет деңгейінде шешілмейді, – деп мәлім етті Роза Отунбаева.
Шекара мәселесі Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев «Қазақстан билігін елдің ішкі ісіне араласып отыр» деп айыптаған соң қиындай түскені белгілі.
Саясаттанушы Ерлан Қарин «Жиенбеков үлкен нәтижемен алға шығып, жеңіске жетті. Егер екінші тур бола қалған жағдайда Бабановпен арадағы текетірес қиындай түсер еді. Өйткені, өзге оппозициялық үміткерлер Мадумаров пен Сариевтың жақтастары міндетті түрде Бабановты қолдайтын еді», – дегенді айтты.
– Осы уақытқа дейін Қырғызстанның билік басында болып келген барлық президент Қазақстанмен достық қатынаста болуды басты мақсат санап келді. Ал Атамбаевтың Қазақстанға қатысты мәлімдемесі ішкі элиталық жағдайдың әлі де күрделі болып тұрғанын көрсетті. Оның үстіне Атамбаев өзінің бұрынғы жақтасының бәрін қудалады, қылмыстық жауапкершілікке тартты, қысым жасады. Сондықтан сайлауалдында жаңа саяси картасын ашып, популистік қадамға барды. Тәуелсіздікке қатер төнуі мүмкін, сыртқы күштердің ықпал етуіне жол бермейміз деп мәлімдеді. Сайлау барысында ақшаға сатылатын қырғыз кандидаттары барын айтып, халыққа жаны ашығандық сыңай танытты. Осы әрекеті арқылы ол өзін құрбандыққа шалуға дайын екенін көрсетті, – деді саясаттанушы.
Бір анығы, Атамбаевтың сайлауалдындағы «біздің ішкі мәселемізге сыртқы күштер араласып отыр» деп Қазақстанға қарата айтылған оспадарлау пікірі намысты ұлт қырғыз қоғамын біріктіріп жіберді. Мұны жоққа шығаруға болмайды.
Бірақ алдағы уақытта Қазақстанмен арада жағдай қалай болмақ? Жаңа президент Сооронбай қандай әрекетке барады.
Ал сайлауда басым дауысқа ие болған қырғыздың жаңа президенті «әр ел – тәуелсіз саясатпен өмір сүреді. Біз барлық мемлекет пен оның басшыларына құрметпен қараймыз. Сондықтан бар мемлекетпен достық қарым-қатынаста, ынтамақтастықта жұмыс істейміз. Әсіресе, көршілес елдермен» деп атап көрсетті. Соған қарағанда, қырғыздың билік басына келген Жиенбековке енді саяси жағдайды қалыпқа келтіру оңайға соқпайтын тәрізді. Отуынбаева айтқандай, ол ең алдымен Ақ Орданың көңілін табу керек шығар. Бірақ осы уақытқа дейін шекараның арғы бетіндегі қырғыз елінде болып жатқан саяси оқиғаларға бей-жай қарай алмайтын Қазақстан қашан да достық жағдайда жұмыс істеуге пейілді. Бүгінгі күнге дейін қырғыз халқы мен ресми Бішкектің дербес саясатына құрметпен қарап келді. Алауыздық болған емес. Ал дәлелсіз-дәйексіз шыққан «Атамбаевтың айқайы» жартасқа соғылған, жаңғырықтай болып қала береді. «Ит үреді, керуен көшеді». Тек «біздің елге қылышпен келгендердің басы осында қалады» дегені саяси этика мен халықаралық дипломатияға сай болмады. Бұл Президент айтатын сөз емес еді. Десек те, оның кейбір пікірінде шындық бар екенін де базбір сарапшылар жоққа шығармай отыр. Кішкентай, бірақ намысты ел қырғызбен ынтымақтастықты күрделендіруге біз де мүдделі емеспіз.
Өзінің саяси байбаламы арқылы орнына өз адамын сайлап кеткен Алмазбек Атамбаев енді не істейді?
Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында «Шығармашылық пен саясатты бірге алып жүруге болады. Сіздер қорықпаңыздар, мен президент немесе премьер-министр болайын деп жатқан жоқпын. Осыған дейін де 30 жыл бойы саясатпен айналысқанмын. Ол маған өлең жазуға, не проза жазуға, тіпті ән жазуға кедергі келтірген жоқ. Өзімнің бірде-бір әрекетімнен қорықпаймын. Қырғызстанда қаламын, әрбір сөзім үшін, әрбір әрекетім үшін жауап беремін. Жасыратынештеңемжоқ. жасырынбаймын да. Халықалдында, Құдай алдында жауап беруге дайынмын», – деді Алмазбек Атамбаев.
Қырғыздың тағдыры таразыға түскен уақытта Отунбаевадан кейін президент болған Атамбаев ішкі саяси текетіреске қарамастан алты жылдың ішінде ел арасында тұрақтылықты сақтай білді. Бағына орай билікке өзбек президенті Шавкат Мирзяев келді. Ресми Ташкентпен арада жағдай дұрысталды. Шекара мәселесінде дау жоқ, енді. Елде бұрынғы тобырлық және элиталық саяси дүрбелең қайталанған жоқ.
Бірақ Жиенбеков қырғыз мемлекетінде жаңа реформа жасайды деуге сену қиын. Ол ең алдымен көршілес елдермен жағдайды дұрыстауға қадам жасайды және онысы оңды болып шығытынына сенім мол. Өйткені қазақ билігі қырғыз елімен жаулық қатынаста болғанды дұрыс көрмейді.
Қырғызстанның жаңа Президенті. Ол кім?
Nur.kz ақпараттық порталы «Sputnik Кыргызстан» агенттігіне сілтеме жсай отырып, Жиенбеков туралы 14 деректі назарға ұсынады:
- Ол «Алладан басқа ешкімге сенбейтінін» айтқан.
- Ол мансабын мектепте мұғалім болып бастаған.
- Ол Қырғыз ССР-і Жоғары кеңесі төрағасы және Қырғыз ССР коммунистік партиясы орталық комитетінің төрағасы, саясаткер Әбсәмат Масалиевті өз идеалы санайды.
- Ол он балалы отбасында дүниеге келген. Оның ағаларының барлығы елге еңбек сіңірген тұлғалар. Бірі Жалал-Абад экономика және кәсіпкерлік университетінің президенті, профессор, ғылым докторы болса, екінші, Жүсіпбек есімді ағасы Кувейте елшілікте қызмет атқарады. Асылбек есімді тағы бір бауыры парламент спикері болған. Аз уақыт бұрын қайтыс болған Искендер Жиенбеков 28 жасында Ош облысының прокуроры атанған белді маман ретінде танымал.
- 2010 жылғы 7 сәуір күні болған елдің жаппай митингі кезінде ағайындылар мансабы мен өмірін қатерге тігіп, Оштағы митингіге қатысқан.
- Сооронбай Жиенбеков Жоғарғы кеңес депутаттығына бірнеше мәрте сайланған. Халық қалаулылары жиналысында аграрлық мәселелер жөніндегі комитетке басшылық еткен.
- Ол өз отбасын елге көрсетпейді. Аға-інілерінен бөлек, оның екі әпкесі бар.
- 2016 жылғы сәуір айында Жиенбековты Министрлер кабинетінің басшысы қызметіне тағайындар алдында, ол «премьер-министр болу түсіне де кірмегенін» мәлімдеген.
- Ауыл шаруашылығы министрі болған кезінде ол шаруаларға үкіметке сенбей, өз күшіне иек арту керектігін айтып, ескерткен.
- Оның Мемлекеттік сәулет және құрылыс агенттігі директорының орынбасары Алмазбек Әбдіқадірге айтқан «Чык эшикке!» деген сөзі ел назарын өзіне аударып, әлеуметтік желілерде түрлі карикатуралардың пайда болуына себеп болған.
12.Жиенбековтың зайыбының есімі – Айгүл.Оның мамандығы туралы еш ақпарат жоқ.
13.Олардың бір ұл, бір қызы бар. Қызы – студент.
14.Қызы былтыр танымал депутат Алиярбек Аджалиевтің ұлы Атабекке тұрмысқа шыққан. Жээнебеков өз отбасын елге көп көрсете бермейді. Әлиасқар есімді бір немересі бар екені белгілі.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
aikyn.kz
[:]