[:kz]
Ұзату тойы желіні шулатқан атыраулық Заида Жаңабаева африкалық күйеуімен қалай танысып, не үшін тұрмысқа шығуға шешім қабылдағанын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
«Біздің қалай танысқанымыз көпшілікті қызықтырып жатыр екен. Егер сіздер оқуға ерінбесеңіздер, айтып берейін. Вахталық әдіспен жұмыс жасай жүріп (28 күн жұмыс, 28 демалыс) Атыраудағы оқу орталығында ағылшын тілінен сабақ бердім. Менің сабағым 18:00-де аяқталады, ал оның сабағы 18:00-де басталатын.
Мен принтердің жанында тұрып, көз қиығыммен оның ресепшнда кабинет кілтін күтіп тұрғанын байқадым. Ол күлімсіреп «хэллоу» деді, ал мен «хай» деп жауап бердім. Сосын өзімше болып кетіп қалдым. Келесі күні де оны көрдім, осылайша, бірнеше күн бойы жалғасты. Бірде менеджеріміз оқытушыларға арналған ортақ чат ашты. Сол кезде ол менің жекеме жаза бастады. Мен тағы да өзімше болып, «сәлем», «сау бол», «ммм», «ок» деп жүрдім.
Сөйтіп жүргенде бәлен жыл өтіп кетеді. Байғұс бала жазып, жазып қойды. Коронавирус басталды. Мен 14 күн оқшауланудамын. Түсінікті болу үшін айта кетейін. Теңіздегі оқшаулау кезінде бір бөлмеде, төрт қабырғада жалғыз отырасың. Саған бір минуттан аса есіктен шығуға, есіктен басыңды шығаруға да болмайды.
Өйткені, дәліздегі бейнежазба арқылы бірден басшылыққа хат кетеді. Не істерімді білмей, барлық видеолар мен фильмдерді көріп тастадым. Ол маған қайтадан жазып, теңізде аурудың қайта өршіп жатқанын айтып, өзіңді күтіп жүр деп жазды. Кейін ол телефон соғуға рұқсат алып, таңға дейін әңгіме айтатынбыз. Ол сондай әзілқой. Осылайша, екі ай бойы онлайн араластық. Теңізден келген соң да кездесуге бірден келісім берген жоқпын.
Ол мыңыншы рет кездесуге шақырып, әйтеуір, келістім. Кездескенімізге 7-8 ай толған соң, ол маған қолы мен жүрегін ұсынып, үйленуге ұсыныс жасады», — деп жазды Заида.
[:]