[:kz]
Шымкенттің іргесіндегі Қарасу ауылында Азамат Кемпіш есімді ерекше бала тұрады.
Ерекшелігі сол, оны ағаштан түйін түйген шебер деуге әбден болады. Ол әсіресе тойханаларда ас таратуға арналған ағаш астауды кереметтей етіп жасайды. Біз оның өзін әңгімеге тарттық.
«Мұндай кәсіпке менің бала кезімнен қызығушылығым бар, – дейді Азамат. – Ағаштан түрлі заттар істеуге қызығатынмын. 9-сыныпты бітіргесін Ақсукенттегі Ә.Исмаилов атындағы кәсіптік колледжге оқуға түстім. Ағаш ұстасы мамандығына оқудамын.
Мен қазір 2-курстамын. Ағаштан түрлі заттар жасауды 1-курста жүргенде бастағанмын. Қазір орындық, үстел, ыдыс-аяқтар жасай беремін. Той қонақтарына ас тартатын астауды да жасап үйрендім. Бүгінде маған тапсырыс беріп астау жасататындар бар. Материалға қарағаш пен жаңғақ ағаштарын пайдаланамын. Астауды осы ағаштардан бүтіндей ойып жасаймын».
Азамат өзі жасаған астауларды 18 – 20 мың теңге аралығында сатады екен. «Бір астау жасап шығуға екі-үш күн уақыт кетеді», – дейді ол. Ал қажетті ағашты ауылдастарынан сатып алады екен. Қажетті ағашты іздеп тауып, сапасына, көлеміне қарай бағалап ақысын төлейді.
«Негізі астау жасау оңай шаруа емес. Әсіресе бір күнде екі-үш адам тапсырыс берсе және уақытын асықтырса қиын. Дегенмен тапсырыстарды кешіктірген кезім болған емес. Бір адамның бірден 6 астауға тапсырыс берген кездері де болған. Бұл тапсырысты бір жарым айға жуық уақыт ішінде орындап шықтым. Дегенмен үйреніп қалдым. Жұрт тапсырыс беріп жатса, қабылдауға дайынмын», – дейді Азамат.
Ол астауды бүтін ағаштан ойып жасап шыққасын оның сыртын жарқырата лактейді, ал ішіне арнайы май жағады екен. Мұндай астау, әрине, ұзаққа шыдайды, талай тойды атқарады. Шебер бала оларды ұзындығын 70 сантиметр, енін 31 сантиметр етіп жасайды екен.
Азамат үйіне әдемі етіп диван да жасап қойыпты. Барбос атты иттеріне де жарқыратып үйшік істеп берген. Бүгінде бұл заттарды да қызыға тамашалап жүргендер бар.
Азамат төрт балалы отбасында өсіпті. Оның алдында ағасы және өзінен кіші екі бауыры бар. Әкесі Бегімхан көлік жүргізуші болып еңбек етеді, анасы Меруерт – үй шаруасында екен.
…Бүгінде Азаматтың үйінде ол дайындап қойған дайын бес-алты астау бар. Сатып аламын деушілер оның өзімен телефон арқылы байланысуларына болады.
Жалпы, қай ата-ана болса да баланы бейіміне қарай бағыттап отырғаны дұрыс-ау. Бұл сөзімізге осы Азаматтың іс-әрекеті куә. Ол ертеңгі күні өзін осы шеберлігі асырайтынына сенімді.
Азаматтың байланыс телефоны – 8-775-900-77-29.
Т. ТҰРАН
Zamana.kz
[:]